«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы кездесу
ДИКТОР: Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы еліміз бойынша кеңінен қолдау тауып, көпшілікті ортақ мақсатқа жұмылдырды. Республикалық деңгейде жүзеге асып жатқан игі бастама Көкшетауда өз жалғасын табуда. Жоба аясында студент жастармен мазмұнды кездесулер ұйымдастырылып, кітаптың адам өміріндегі орны мен кітап оқудың маңызы кеңінен насихатталып жатыр. Кезекті кездесу шаһардағы Қазақ жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде өтті.
РКС: «Кітап оқитын ұлт» – Қазақстанда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірегей жоба. Бұл игі бастамаға еліміздің түкпір-түкпірінен азаматтар қатысуда. Жоба жеті бағыт бойынша ұйымдастырылған. «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет» сынды білім беру ұйымдарын қамтитын бағыттармен қатар, түрлі жастағы азаматтардың қатысуына мүмкіндік қарастырылған. Кітап оқуды дағдыға айналдырған жастардың қатарында колледж студенті Мирас Әскеров те бар.
СНХ: МИРАС ӘСКЕРОВ, ҚАЗАҚ ЖОҒАРЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Әбдіжамал Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» шығармасын оқып жатырмыз. Марафонның мақсаты - халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, білім мен ой өрісін дамыту. Әр қатысушы 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың наурызына дейін 15 кітап оқу керек. Әр кітапты оқып болған соң қысқаша пікір жазып, жеке кабинетіне жариялайды. Ал 2027 жылдың наурыз айында тестілеу мен зияткерлік викториналар өткізіледі. Менің ойымша әр адам осы марафонға қатысып, кітап оқу мәдениетінің дамуына өз үлесін қосуы қажет. Себебі кітап оқу тек білімді арттырып қоймай, адамның дүниетанымын кеңейтіп, өмірге деген көзқарасты өзгертеді.
РКС: Кітап оқуды насихаттау барысында білім беру мекемелерінде өңірлік ақын-жазушылармен кездесулер өткізіледі. Мұндай басқосуларда студенттер қаламгерлермен жүздесіп, әдебиет пен шығармашылық төңірегінде пікір алмасуға мүмкіндік алады. Кезекті кездесуде жастар көкейдегі сауалдарын қойып, өздерін қызықтырған ақын-жазушылар мен олардың шығармалары туралы ақпарат алды. Сондай-ақ кітап оқудың адам өміріндегі маңызы жөнінде ой бөлісіп, әдебиетке қатысты пікірлерін ортаға салды.
СНХ: СЕРІК ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Шын мәнісінде кітап оқитын балалар бар арасында, сұрақтары бар көкейлерінде қоятын. Соларға жауап беру өте қызықты болды. Ішінде тіпті өздері өлең жазып жүрген балалар да бар. Солар да сырласты. Қандай жазушыны оқу, қандай ақынды оқу қиыншылықтан шығарады, көмек болады деген сияқты жеке авторлар туралы сұрақтар болды. Бүгінгі дөңгелек үстелде балалардың білімі, қызығушылығы бар екендігі, кітапқа деген құмарлығы бар екендігі көрінді. Сол үшін қуаныштымын.
СНХ: АРАЙ ЖЕТПІСБАЕВА, ҚАЗАҚ ЖОҒАРЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Маған бұл кездесу өте қатты ұнады. Ол кісінің айтқан кеңестері маған үлкен ой салды. Болашақта мақсат қойып білім алуға, кітап оқуға және өз арманыма жету жолында талмай еңбектенуге шабыт алдым. Бұл кездесу мен үшін өте пайдалы, есте қаларлықтай болды.
РКС: «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысуға ниетті азаматтар арнайы ресми сайт арқылы тіркеле алады. Ол үшін платформаға кіріп, өзіне сәйкес бағытты таңдап, қатысуға өтінім беруі қажет.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ