Level Up: өз құқығыңды қорғай біл!
ДИКТОР: Өз құқығыңды білу, буллингке қарсы тұру және интернет-алаяқтардың арбауына түспеу жолдары қандай? Бұл мәселелер «LEVEL UP: Қауіпсіз орта» жастар акциясының басты тақырыбына айналды. Іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Қатысушыларға өз құқығын қорғау жолдары түсіндірілді. Сонымен бірге алған білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көрді.
РКС: Дәстүрлі дәрістің орнына интерактивті алаңдар, тәжірибелік тапсырмалар, сала мамандарымен ашық диалог ұйымдастырылды. Акция pop-up форматында өтіп, әр қатысушы қажетті ақпарат алумен қатар, оны бірден тәжірибе жүзінде қолдана алды. Арнайы алаңдарда прокуратура мен полиция өкілдері, психологтар, мемлекеттік органдардың мамандары, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, сондай-ақ Адам құқықтары және бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің өкілдері жұмыс істеді. Мамандар жастарға құқықтары бұзылған жағдайда қайда жүгіну керектігін, қауіпті жағдайларда қалай әрекет ету қажеттігін және дер кезінде қандай көмек алуға болатынын түсіндірді.
СНХ: БОТАГӨЗ ДҮЙСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Біз енді балалардың қауіпсіздігіне аса назар аударамыз. Өзіміздің басқарманың құзыреті шеңберінде өзіміздің міндетіміз балаларға сол сындыру жұмыстарын ақпаратты дұрыс жеткізу жұмыстарын жүргізудеміз. Енді бұл жұмыс барысында әртүрлі форматты қолданып жатырмыз. Білім ұйымдарына барып студенттердің арасына барып, өздерінің құқықтары туралы және басқа да өзіміздің құзыретіміз шеңберінде ақпарат берудеміз.
РКС: Кездесудің негізгі тақырыбының бірі – буллингтің алдын алу. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар буллингтің кез келген түрі – қорлау, кемсіту мен психологиялық қысым көрсету жай ғана әзіл емес, дер кезінде назар аударып, тиісті шара қолдануды қажет ететін өзекті мәселе екенін атап өтті. Мұндай жағдайларға бей-жай қарамай, әр адам өз құқығын қорғау, қиындыққа тап болған кезде қайда жүгініп, кімнен көмек сұрау керектігін білу қажет.
СНХ: АЙША АЛТЫНБЕК, ВОЛОНТЕР: Мұндай әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. Біз осы мәселені кеңінен насихаттау арқылы жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, буллингке қарсы тұру жолдарын түсіндіруді мақсат етеміз.
РКС: Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастар үшін заң талаптарын білумен қатар, өз құқықтарын күнделікті өмірде қорғай білу, сондай-ақ әрбір іс-әрекетінің салдары мен жауапкершілігін түсіну маңызды. Мұндай форматтағы кездесулер өскелең ұрпақ арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ