Отандық қазандықтар ел тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуде
ДИКТОР: Еліміздің барлық өңірінде жылу беру маусымы басталды. Оған дайындық барысында энергетика саласында ауқымды жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, электр станцияларындағы 100-ге жуық нысан жаңартылып, энергоблоктар, турбиналар мен қазандықтар жөндеуден өтті. Ал осы салаға қажетті қазандық жабдықтарын сериялық өндірумен айналысатын отандық кәсіпорындардың бірі – Щучинск қаласындағы «Азиякотломаш» зауыты.
РКС: Зауыт өнеркәсіптік су жылыту мен бу қазандықтарын, сондай-ақ қазандықтарға арналған қосалқы жабдықтар шығарады. Аумағы 14 гектарды құрайтын өндірістік кешенде үш цех жұмыс істейді. Мұнда шығарылған өнімдер еліміздің барлық өңіріне жөнелтіледі. Кәсіпорын жабдықтары өндірістік нысандарды, әлеуметтік мекемелер мен әкімшілік ғимараттарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
СНХ: АЛЕКСАНДР МЕЩЕРЯКОВ, ДӘНЕКЕРЛЕУШІ: Біздің зауыт – Қазақстанда бу қазандықтарын өндіретін бірегей кәсіпорын. Мұнда су жылыту және бу қазандықтары, сұйық әрі қатты отынмен жұмыс істейтін жабдықтар, сондай-ақ қазандықтарға қажетті түрлі құрылғылар құрастырылады. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін әр бөлшек техникалық бақылау бөлімінің тексеруінен өтеді. Барлық талапқа сай болса, келесі кезеңге, яғни бояу цехына жіберіледі. Алдымен бөлшектердің беті арнайы тазартудан өткізіліп, содан соң бірнеше кезеңмен боялады.
РКС: Кәсіпорын өнімнің кең түрін өндіреді. Мұнда жылына шағын сериялы 200-ге жуық қазандық құрастыруға мүмкіндік бар. Мамандардың айтуынша, сұранысқа ие жабдықтардың қатарында отынды қолмен жүктейтін көмір қазандықтары бар. Сонымен қатар, отын автоматты түрде берілетін механикаландырылған үлгілері де шығарылады. Мұндай жүйе қазандықтың қуатын арттырып, жұмыс тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Өйткені жылумен жабдықтау саласында сенімділік пен тиімділік басты талаптардың бірі.
СНХ: ДИНАРА ҚАПАРОВА, ИНЖЕНЕР-ҚҰРАСТЫРУШЫ-ТЕХНОЛОГ: Біздің зауыт 1971 жылы құрылған. Щучинскта орналасқан Қазақстандағы қазандықтарды, қазандық жабдықтарын шығаратын үлкен зауыттардың бірі. Сонымен қатар, металл конструкцияларын, су қысымын мұнараларын өндіреміз. Менің жұмысым бұл жерде сызба нұсқаларын істеу. Сызбаларды дайындап, оны цехқа откізу. Сонымен қатар, осылардың өндіріс технологиясын қадағалау.
РКС: Бүгінде кәсіпорында 150-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың қатарында жергілікті тұрғындармен қатар, өзге өңірлерден арнайы шақырылған мамандар да бар. Қала сыртынан шақырылған жұмысшылар үшін зауыт аумағында жатақхана қарастырылған. Алайда жұмыс күшіне деген қажеттілік әлі де жоғары, – дейді сала маманы.
СНХ: ДМИТРИЙ МИХАЛЕЦ, ЗАУЫТТЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ: Қазір кәсіпорында 20-ға жуық бос жұмыс орны бар. Атап айтқанда, слесарьлер, инженер-құрастырушы-технологтар, қазандық операторлары мен өзге де мамандар қажет. Кадр тапшылығын шешу мақсатында зауыт техникалық колледждермен әлеуметтік әріптестік орнатқан. Соның аясында студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, кәсіби дағдыларын шыңдайды. Ал олардың арасынан қабілетімен көзге түскен, болашағынан үміт күттіретін жастар іріктеліп, оқуын аяқтаған соң тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
РКС: Кәсіпорында келесі жылу беру маусымына әзірлік ерте көктемнен басталады. Өндіріс көлемі осы кезеңде шарықтау шегіне жетіп, жыл соңына қарай біртіндеп саябырлайды. Кейінгі жылдары отандық қазандықтарға деген сұраныс айтарлықтай артқан. Соның нәтижесінде зауытқа тапсырыстар бір жарым жыл бұрын жасалып, өндіріс жоспары алдын ала белгіленеді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ