Ақмола облысында 25 мыңнан астам адам қант диабеті сырқатымен есепте тұр
ДИКТОР: Алдағы сенбі, қарашаның 14-де Дүниежүзі қант диабетімен күрес күнін атап өтеді. Осы дата қарсаңында облыстық көпбейінді ауруханада ашық есік күні ұйымдастырылды. Барлық ниет білдірушілер қандағы қант деңгейін тегін тексертіп, медициналық тексеру нәтижелерін алып, дәрігер-эндокринологтың кеңесіне жүгінді.
РКС: Бүгінде өңірде 25 мыңнан астам адам қант диабеті сырқатымен диспансерлік есепте тұр. Олардың шамамен 10 проценті – бірінші, ал 90 пайызы екінші типтегі қант диабетіне шалдыққандар. Мамандар ауруды ерте анықтау, қандағы глюкоза деңгейін тұрақты бақылау мен дәрігерлердің ұсынымдарын қатаң сақтау аса маңызды екенін айтады. Сондай-ақ, емхана жанында «Қант диабеті мектебі» жұмыс істейді. Мұнда қант диабеті диагнозы жаңадан қойылған науқастар аурудың ерекшеліктері туралы толық ақпарат алып, қандағы қант деңгейін бақылауды және дертті асқындырмай, дұрыс күтінуді үйренеді.
СНХ: НҰРИЛА КЕНЖЕТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫ ЭНДОКРИНОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Біздің эндокринология бөлімшесіне қаралып, стационарлық ем қабылдауға жатқызылған науқастар «Қант диабеті мектебінен» өтеді. Мұнда пациенттерге арнайы оқыту жүргізіледі. Атап айтқанда, дұрыс тамақтану, қандағы қант деңгейін өздігінен бақылау, өзін-өзі бақылау құралдарын пайдалану, инсулин терапиясы және оны дұрыс енгізу техникасы түсіндіріледі. Сондай-ақ қант диабетінің асқынуы мен диеталық емдеу тәсілдері туралы ақпарат беріледі.
РКС: Ашық есік күніне келген әр тұрғын қандағы қант мөлшерін жедел әрі тегін анықтай алады. Ол үшін арнайы глюкометр құрылғысы пайдаланылды. Заманауи құрал небәрі 8 секунд ішінде нақты нәтижені көрсетеді. Дені сау ересек адамның аш қарындағы қандағы глюкоза деңгейі әдетте литріне 3,9-5,5 миллимоль аралығында болады. Көрсеткіш 5,6-6,9 миллимольге дейін жетсе, бұл предиабеттің, яғни қант диабетінің даму қаупі жоғарылағанының белгісі болуы мүмкін. Егер қандағы глюкоза деңгейі 7 миллимоль немесе одан жоғары болса, бұл қант диабетінің ықтимал белгісі ретінде қарастырылады.
СНХ: ИНЕШ ОСПАН, ДӘРІГЕР-РЕЗИДЕНТ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫ ЭНДОКРИНОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ ЭНДОКРИНОЛОГЫ: Адамдар қант диабетінің қауіпті дерт екенін біле бермейді. Өйткені бұл ауру көп жағдайда ешқандай белгі көрсетпейді. Сондықтан біз скринингтік тексерулер мен ашық есік күндерін ұйымдастырамыз. Мұндағы басты мақсат – қант диабетін ерте анықтап, дер кезінде емдеу шараларын қолға алу және аурудың асқынуына жол бермеу.
РКС: Қант диабеті ұзақ уақыт айқын белгілерсіз дамуы мүмкін. Аурудың алдын алу мақсатында профилактикалық тексеруден уақытылы өткен жөн. Мұндай шаралар өңірдегі барлық емханада, қала мен ауылды жерлерде ұйымдастырылуда. Тұрғындарға қандағы глюкоза деңгейін тексертуге, медицина мамандарынан кеңес алуға және аурудың алдын алу жолдары туралы ақпарат алуға бар жағдай жасалған.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ