Негізгі Жаңалықтар Жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 700-ден астам көлік кері қайтарылды

Жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 700-ден астам көлік кері қайтарылды


ДИКТОР: Қарашаның 8-9 аралығында аймақта ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше тасжолда көлік қозғалысы уақытша шектелді. Атап айтқанда, «Астана – Щучинск», «Астана – Шідерті – Павлодар» және «Көкшетау – Атбасар» бағыттарының жекелеген учаскелері жабылды. Қазір полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар жолдарда кезекшілік атқарып, қозғалыс қауіпсіздігін бақылауда ұстап отыр.

РКС: Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жазғы дөңгелекпен жолға шығып жатқан жүргізушілер аз емес. Осылайша олар өз өмірін ғана емес, өзгенің де қауіпсіздігін қатерге тігеді. Полиция қызметкерлері қысқы дөңгелекке ауысу талабын елемеген көліктерді кері қайтаруға мәжбүр болды. Себебі жолдағы бір сәттік бейқамдық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.

СНХ: ӘСЕМ ӘБДІРАХМАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Мұндай көліктердің республикалық маңызы бар тасжолдарға шығуына шектеу қойылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері жазғы дөңгелекпен жүрген 740-тан астам көлікті кері қайтарды.

РКС: Ал жүргізушілер жолдағы жауапсыздықтың салдары ауыр екенін ұмытпаған жөн. 8 қарашада Алматы – Екатеринбург тасжолында бес адам мінген көлік апатқа ұшырады. Төрт бала мен бір әйел жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Жағдайы ауыр үш бала санитариялық авиациямен Көкшетауға жеткізіліп, қазір облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр.

СНХ: АСХАТ ҚҰТТЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Бірінің бас-ми жарақаты ауыр, бетінде жыртылған жаралар бар. Қазір жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Екінші баланың бас-миы жарақаттанып, миы шайқалған. Ал үшінші баланың иық сүйегі ығысумен сынған. Оған түнгі сағат үштер шамасында шұғыл ота жасалды. Операция сәтті өтті. Қазір жағдайы жақсы, палатаға ауыстырылды. Үш баланың да жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

РКС: Қараша айы басталғалы облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесіне жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 10 бала түскен. Мамандар жүргізушілерді жолға шығарда көліктің техникалық жағдайын тексеріп, қысқы дөңгелекке уақытылы ауысуға шақырады. 

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу