Волейболдан әйелдер арасындағы ел чемпионаты алғаш рет Көкшетауда өтіп жатыр
ДИКТОР: Көкшетауда алғаш рет волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылды. Дүбірлі доданың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, жарысқа келген командаларға сәттілік тіледі. Өңір басшысы мұндай ауқымды бәсекенің Ақмола облысында өтуі – аймақтың спорттық әлеуетіне көрсетілген сенім екенін атап өтті.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Бұл чемпионатқа еліміздің тоғыз өңірінен 120-ға жуық спортшы жиналды. Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе және Ақмола облыстарынан, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалаларының командалары бақ сынайды. Жарыс 16 қарашаға дейін жалғасады. Қатысушылар қатарында республикалық жарыстарда топ жарып жүрген тәжірибелі ұжымдар да бар. Командалар Көкшетауға тыңғылықты дайындықпен келіп, чемпиондық атақ үшін барын салуға ниетті.
СНХ: МАРАЛ ҒАБИТ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (ШЫМКЕНТ): Ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Танымал әншілерді шақыртты. Бүкіл команданың басын біріктірді. Әр өңірден келген командаға сәттілік тілейміз. Бәздің басты мақсатымыз жеңіспен оралу, жақсы нәтиже көрсету. Командалар ойнайды, дайындалады, дем алады. Бұл жарыстан опыт аламыз, әрі қарай нәтиже көрсетеміз, өзімізді дамытамыз.
РКС: Өңірде әйелдер волейболын дамытуға басымдық беріліп отыр. Осы бағытта 15 ойыншыдан тұратын облыс құрамасы жасақталды. Ойыншылар арасында жасөспірімдер ұлттық құрамасының өкілдері мен Қазақстанның спорт шеберлері де бар.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Алдағы уақытта команда түрлі деңгейдегі жарыстарда аймақ намысын қорғайтын болады. Чемпионатқа қатысу командамыз үшін жақсы бастама. Осының арқасында олар қажетті жарыс тәжірибесін жинақтап, спорт аренасында өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашады деп сенемін. Жақсы нәтижелер біздің «Оқжетпес» қыздар волейбол командасына да жұғысты болсын. Құрметті қатысушылар, барлық командаларға әділ әрі тартысты бәсеке, жарқын ойын сәттері мен жеңістер тілеймін. Чемпионат спорттық рух, бірлік пен салауатты өмір салты символына айналып, көрермендерге ұмытылмас әсер, спортшыларға жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктер әкелсін. Еліміздің спорт саласы қарыштап, алға дами берсін.
РКС: Соңғы жылдары Көкшетауда спорт инфрақұрылымы да қарқынды даму үстінде. Соның бірі – заманауи талаптарға сай салынған «Көкше Арена» спорт кешені. Бүгінде мұнда республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге барлық мүмкіндік бар. Осындай заманауи нысандардың бой көтеруі өңірдің спорттық әлеуетін арттырып, ірі додаларды қабылдау мүмкіндігін кеңейте түсті. Енді Көкшетау еліміздің түкпір-түкпірінен спортшылар бас қосатын жарыстардың тұрақты алаңына айналады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ