Негізгі Жаңалықтар Көкшетау мен Бурабайда күшті әсер ететін препараттардың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды

Көкшетау мен Бурабайда күшті әсер ететін препараттардың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды


ДИКТОР: Көкшетау, Щучинск қалаларында және Бурабай курортты аймағында күшті әсер ететін препараттардың заңсыз айналымына қатысты тергеу аясында он бір адам ұсталды. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері еліміздің бірнеше өңірінде күшті әсер ететін препараттардың заңсыз айналымына тосқауыл қоюға қатысты ауқымды операциялар жүргізді. Жеткізу және өткізу арналары жойылды. Ұсталғандардың қатарында қылмыстық топ мүшелері, фармацевтикалық компаниялардың иелері мен қызметкерлері, курьерлер және қылмыстық ортаның өкілдері бар.

РКС: Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыстық топ мүшелері Ақмола облысының бірнеше елді мекенінде тыйым салынған заттарды жеткізу және таратумен айналысқан. Тінту жұмыстары барысында «Тропикамед» препаратының 50 мыңнан астам және осыған ұқсас басқа да препараттың төрт мыңға жуық құтысы тәркіленді. Сонымен қатар атыс қаруы, оқ-дәрілер, бірнеше автокөлік және шетел валютасын қоса алғанда, ірі көлемдегі ақша қаражаты табылды.

СНХ: ҚУАНДЫҚ АЛПАМЫС, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ: Ішкі істер министрлігінің есірткі құралдарымен күшті әсер ететін психотроптық препараттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың жолын кесу бағытында тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде. Қазан айында еліміздің бірнеше өңірінде аталған препараттарды жеткізу арналары анықталып, оларды заңсыз өткізу схемаларының жолы кесілді. Атап айтқанда, Көкшетау, Щучинск қалалары мен Бурабай курорттық аймағында препараттарды жеткізу мен таратуды жолға қойған қылмыстық топ мүшелерінің бір мезгілде ұстау операциясы жүргізілді.

РКС: Қарағанды мен Теміртауда да дәл осыған ұқсас операция жүргізілді. Көршілес өңірде он адам ұсталды. Тергеу барысында олардың күшті әсер ететін психотроптық препараттарды сатуға қатысы бар екенін дәлелдейтін айғақтар жиналды. Тінту кезінде психобелсенді заттар, травматикалық және суық қару тәркіленді. Екі дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайы мен ұсталғандардың әрқайсысының ролі анықталып жатқанын атап өтті.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу