Қорғалжында екі шахмат кабинеті ашылды
ДИКТОР: Қорғалжын ауданында 2 бірдей шахмат кабинеті пайдалануға берілді. Енді зияткерлік ойын мектеп оқушыларының білім беру үдерісіне еніп, жас өрендердің ой-өрісін кеңейтуге жол ашпақ. Арнайы жабдықталған кабинеттерде балалар шахмат ойнауды үйреніп қана қоймай, логикалық ойлау, есте сақтау және дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін шыңдайды.
РКС: Жаңа шахмат кабинеттері Қорғалжын ауылындағы мектеп-гимназия мен Ақтан Төлеубаев атындағы мектепте ашылды. Оқу бөлмелері шахмат тақталары, фигуралар жиынтығы мен қажетті оқу құралдарымен толық жабдықталған. Биылғы оқу жылынан бастап қос білім ордасының бірінші сынып оқушылары «Шахмат негіздері» пәнін оқуға кірісті.
СНХ: ДӘРМЕН СӘДУАҚАСОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БІРІНШІ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы – Қазақстан шахмат федерациясының негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен бұл жоба төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Қорғалжын жерінде екі шахмат кабинетін ашу біз үшін үлкен қуаныш. Бұл зияткер ұлт қалыптастыру жолындағы ортақ үлесіміз. Осы кабинеттерден болашақ чемпиондар түлеп ұшады деп сенеміз.
РКС: Аудандағы бұл игі бастама мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта тағы 11 мектепте шахмат кабинеттерін ашу жоспарланып отыр. Жаңа бөлмелерде сабақ өтіп қана қоймай, шахмат үйірмелері жұмыс істеп, мектепішілік жарыстар ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, жас ойыншылардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік жасалады.
СНХ: ЖӘНІБЕК БЕЙІЛҒОЖИН, ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Президенттің шахмат спортын және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында мектеп-гимназия мен Ақтан Төлеубаев атындағы мектепте заманауи кабинеттер ашылды. Бұл кабинеттер балаларымыздың қабілетін шыңдап, бойындағы талантын ашуға мүмкіндік береді. Осындай озық тәжірибені аудандағы қалған 11 мектепке де енгізіп, Қорғалжында шахмат спортын жүйелі түрде дамыту жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік.
РКС: Айта кетейік, жаңа кабинеттердің ашылуы, Қазақстан шахмат федерациясы 2023 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан «Білім берудегі шахмат» республикалық бағдарламасының аясында қолға алынған. Бүгінде бұл бастама еліміздің 2,5 мың мектебінде жүзеге асырылып, 133 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, «КӨКШЕ АҚПАРАТ».