Негізгі Жаңалықтар Пробация: бақылау және әлеуметтік қолдау

Пробация: бақылау және әлеуметтік қолдау


ДИКТОР: Бас бостандығынан айырмайтын жазаға тартылған азаматтардың әр қадамы назарда. Олардың заң талаптарын сақтауы, қайта қылмысқа бармауы – пробация қызметінің бақылауында. Сонымен қатар бұл мекеме азаматтардың өмірін жаңа арнаға бұрып, қоғамнан өз орнын табуына ықпал етеді. Көкшетауда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Тілшіміз Евгений Варанкин зерделеп көрді.

РКС: Пробация қызметі есептегі азаматтардың белгіленген талаптарды орындауын қадағалап, олардың тұрғылықты мекенжайы мен жүріс-тұрысын тұрақты бақылауда ұстайды. Мамандар құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтер ұйымдастырып, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал әлеуметтік қолдау шаралары азаматтардың жұмысқа орналасып, қоғам өміріне қайта араласуына жол ашады.

СНХ: ӘСЕЛ ХАМЗИНА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ: Тәуекел тобына жататын азаматтардың тұрғылықты мекенжайына аптасына бір рет барамыз. Ал қалғандарын айына бір рет тексереміз. Олар өз кезегінде айына екі рет бөлімге келіп, тіркеуден өтуі тиіс. Бұл – оңай жұмыс емес. Учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, кешкі уақытта тексеру жүргіземіз. Кешкі уақытта олардың тұрғылықты мекенжайына барып, үйде болуын қадағалаймыз. Қазір есебімде 22 адам бар. Қалада 11 учаске бар. Жалпы пробация қызметінің есебінде 300-ге жуық азамат тұр. Пробациялық бақылауға аса ауыр санатқа жатпайтын қылмыстар үшін сотталған азаматтар, сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдар алынады.

РКС: Кешкі сағат оннан кейін тәуекел тобындағы азаматтар тұрғылықты мекенжайында болуы тиіс. Жұмыс кестесіне байланысты кешігетін немесе түнгі ауысымда еңбек ететін азаматтар бұл туралы инспекторға алдын ала хабарлап, тиісті құжаттарын ұсынуы қажет. Мұндай талаптар пробациялық бақылауды күшейтіп, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

СНХ: БОРИС ТОЛГУРОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ: Пробация қызметінің мамандарымен бірлесіп, есепте тұрған азаматтарды тексеру мақсатында рейдтік шаралар өткіземіз. Негізгі мақсатымыз – қайталама құқық бұзушылықтарға жол бермеу. Мұндай тексерулер апта сайын жүргізіледі. Қазір тәуекел тобында шамамен 15 адам бар. Олардың тұрғылықты мекенжайына барып, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Кейде азаматтардың үйінен табылмайтын жағдайлар да кездеседі. Олардың орналасқан жері мен қозғалысын бақылауға арналған арнайы мобильді қосымша және бақылау білезігі бар. Пробация қызметінің мамандары осы құралдар арқылы есептегі азаматтардың жүрген жерін қадағалай алады. Егер қандай да бір заң бұзушылық анықталса, азаматқа ресми ескерту жасалады.

РКС: Есептегі азаматтар белгіленген талаптарды жүйелі түрде бұзған жағдайда, сот шешімімен оларға қатысты жаза қатаңдатылуы мүмкін. Ал өмірлік қиын жағдайға тап болғандарға әлеуметтік бейімдеу орталығы қолдау көрсетеді. Мұнда баспанасыз қалған және әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға уақытша тұруға орын беріліп, жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Орталық тұрғындарға әлеуметтік қызметтің жеті түрін ұсынады. Сонымен қатар жатын орын мен күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі.

СНХ: АЙНАШ ҚАЙЫРГЕЛДИНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: Орталыққа азаматтар өз өтініштерімен өз еркімен келе алады. Сондай-ақ жұмыспен қамту бөлімі, түрлі мекемелер мен денсаулық сақтау ұйымдарының жолдамасы бойынша да қабылдаймыз. Жазасын өтеп шыққан азаматтардың жеке баспанасы болмаған жағдайда, оларға уақытша тұруға орын береміз. Сонымен қатар жұмысқа орналасуына көмектесеміз. Олар жұмысқа орналасып, тұрақты табыс таба бастаған соң, өз бетінше өмір сүруге мүмкіндік алады.

РКС: Орталықта тұрақты тұрғылықты мекенжайы жоқ, алайда өмір салтын өзгертуді әзірге қаламайтын жандарға арналған түнгі уақытта уақытша орналастыру қызметі де қарастырылған. Бұл қызмет аясында тек түнеуге орын беріледі, тамақпен қамтамасыз ету қарастырылмаған. Қыс мезгілінде азаматтар мұнда кешкі сағат 18:00-ден таңғы 10:00-ге дейін бола алады. Түнгі орын 20 адамға есептелген. Ал орталықтың жалпы сыйымдылығы – 50 орын. Бүгінде мұнда 37 адам тұрып жатыр.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу