Негізгі Жаңалықтар «Береке» бағдарламасы: өңірге Австралиядан асыл тұқымды мал жеткізілді

«Береке» бағдарламасы: өңірге Австралиядан асыл тұқымды мал жеткізілді


ДИКТОР: Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және ет кластерін қалыптастыру мемлекеттің ерекше назарында. Бүгінде облыста алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудың нақты кезеңі басталды. Атап айтқанда, жергілікті шаруашылықтарға шетелден асыл тұқымды мал жеткізіліп, жеңілдетілген қаржыландыру көлемі өндірісті кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.

ИНТЕРШУМ: 

РКС: «Ерейментау-Астық-2014» шаруашылығына Австралиядан дорпер тұқымды 1 100 қой жеткізілді. Мал «Береке» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында сатып алынған. Кәсіпорын жалпы 4 мың бас ұсақ мал әкелуді жоспарлап отыр. 

СНХ: АЙДАР НЫҒМЕТОВ, КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ: Бұл – алғашқы жеткізілім. Бұл тұқым өзінің ерекшелігімен дараланады. Өйткені оның генетикалық қасиеттерінің арқасында қысқа мерзімде салмақ қосуға мүмкіндік бар. Бұл жобаны толық ауқымда дамытып, фермерлермен кооперация негізінде жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Осылайша мал басын көбейтпекпіз. Ет өндірісі бағытында экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айнала аламыз. Бұл сала мұнай долларына балама болып, өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

РКС: Мұндай тәсіл Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерге сай келеді. Президент өз Жолдауында Ақмола облысында шетелдік озық тәжірибені қолдана отырып, ет кластері құрылып жатқанын атап өтті. Жоба аясында 150 мың басқа арналған бордақылау алаңдары мен ет комбинаты салынады. Нәтижесінде 400 миллиард теңге инвестиция тартылып, 9 мың 500 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, сиыр етін өндіру көлемі жеті есеге артады.

СНХ: МҰРАТ БАЛПАН, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жалпы, ет кластерін дамыту тұжырымдамасы аясында 2030 жылға қарай ірі қара мал басын 1 миллион 300 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. «Игілік», «Береке» және «СҚО тәжірибесі» бағдарламаларының барлығы өңірлерде жүзеге асырылуда. Бүгінде әр ауданда нақты келісімдер жасалған. Австралия, Ресей Федерациясы, Чехия және Австрия елдерінен ірі және ұсақ мал сатып алу жөнінде уағдаластықтар бар. Қазір мал карантинге қойылды. Қараша-желтоқсан айларында мал елімізге жеткізіледі.

СНХ: НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жалпы осы іс-шара жоспар аясында Ақмола облысында жалпы барлық саладагы репродукторлы шаруашылықтарды дамыту көзделіп отыр. Оның ішінде ірі қарадан да, бұдан былай облыста осы етті бағыттағы және етті-сүтті бағыттағы репродукторлы шаруашылықтар қалыптасатын болады. Сонымен бірге сүтті бағыттағы галештинді өндіретін де біздің болашақта екі-үш жылда сол тұқымды көбейтетін репродукторлы шаруашылықтарымыз, шаруашылықтарымыз бүгінгі күннің өзінде қалыптасуда.

РКС: Айта кетейік, биыл «СҚО тәжірибесі», «Береке» және «Игілік» бағдарламалары аясында өңір шаруашылықтарына қосымша 10 мың бас ірі қара және 6 мың бас ұсақ мал жеткізіледі. 

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу