Ерлан Қошанов жұмыс сапарымен Көкшетауға келді
ДИКТОР: Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов жұмыс сапарымен Көкшетау қаласына келді. Сапар барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов пен Ерлан Қошанов бірқатар әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар нысанның жұмысымен танысып, ұжымдармен кездесті. Тілшіміз Евгений Варанкин айтсын.
РКС: Алдымен облыс әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов Көкшетау қаласындағы №20 мектеп-гимназиясының жұмысымен танысты. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған білім ордасы заманауи инфрақұрылымымен және инновациялық оқыту тәсілдерімен ерекшеленеді. Мұнда 1100-ден астам оқушы білім алады. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимаратта 267 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ, мектепте цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізуге ерекше көңіл бөлінеді.
СНХ: МИНАС ЕРЛАНҰЛЫ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Қазіргі таңда біз ұлттық спорт түрлерін өзіміз цифрландыруда іске асырып жатырмыз. Яғни ұлттық ойындарымызды оқушылар сабақ процессінде цифрлы түрде қолданым, ойнай алады, яғни ойнау арқылы білім алуына жағдай жасалды. Біз арқан тарту, асық арқылы топқа бөлу және күні кеше ғана біздің Президентіміз Жолдауында осы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға айрықша көңіл бөлу қажеттігін айтқан болатын, және өзіміз мектепте қолданатын сайтқа осы инклюзивті білім беру функциясын қосқан болатынбыз. Бұл функцияда нақты оқушылардың деңгейіне байланысты педагог өзіне қажетті материалдарды оңай жасап алса болады.
РКС: Бұдан кейін аймақ басшысы мен Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы «DIGITAL AQMOLA» мекемесіне барды. Мұнда өңірде цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен заманауи технологияларды енгізу барысы таныстырылды. Бүгінде цифрлық шешімдер мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге де мүмкіндік беріп отыр.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Сапардың келесі нысаны – «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы. Мұнда Ерлан Қошанов мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Орталық зейнет жасындағы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және жаңа дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді. Мұнда йога, сауықтыру гимнастикасы, вокал, хореография, шахмат, қолөнер және компьютерлік сауаттылық бағыттары бойынша сабақтар ұйымдастырылған.
СНХ: ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Қуаныштымыз, әкімге де рақмет, сіздерге рақмет. Адам өзін-өзі жақсарту керек ғой. Ол үшін белсенді өмір сүру керек. Ал белсенді өмір сүру үшін осындай мүмкіндік болу керек. Бұл мүмкіндікті бүгін облыс басшылығы жасап отыр.
РКС: Орталық жұмысымен таныстырған облыс әкімі Марат Ахметжанов аға буын өкілдерінің қоғамдық өмірдегі белсенділігіне тоқталып, олардың өңірдің дамуына қосып жүрген үлесін атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл кісілер тек ғана осы орталықта белсенді ғана емес, біздің қоғамда, өмірімізде облысымыздың өте белсенді. Бүкіл жиынға қатысып, жақсылықты қарсы алатын жақсы жүрекпен қабылдайтын қарттарымыз, апаларымыз, ағаларымыз. Сондықтан мен де сіздерге алғысым шексіз. Әрқашан да сіздермен ақылдасамыз. Шияп Шарапұлы бар, Ермек Бекенұлы бар, кеңесіп осы халықтың көңілінен қалай шығады екен, қалай қабылдайды екен, осы кісілердің батасын алғасын, оны жүзеге асырамыз. Сондықтан сіздерге рақмет!
РКС: Сапар соңында Марат Ахметжанов пен Ерлан Қошанов қыркүйек айында ашылған көркемсурет мектебінің жұмысымен танысты. Мұнда 6 мен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер бейнелеу өнерімен айналысып, шығармашылық қабілеттерін шыңдай алады. Жалпы, жұмыс сапары барысында білім беру, цифрландыру және әлеуметтік қолдау салаларындағы бастамаларға баса назар аударылды.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ