Негізгі Жаңалықтар Аудандық ауруханада қолжетімді медициналық көмек түрлері кеңейтілуде

Аудандық ауруханада қолжетімді медициналық көмек түрлері кеңейтілуде


ДИКТОР: Жыл басынан бері Жарқайың ауданында 128 хирургиялық ота жасалды. Олардың басым бөлігі шұғыл көрсетілімдер бойынша жасалған. Тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің түрлері де кеңейіп келеді. Қазір дәрігерлер күрделі гинекологиялық оталарды да жасайды. Сонымен қатар ауруханаға ультрадыбыстық диагностика бойынша жаңа маман жұмысқа кірісті.

РКС: Жасалған оталардың үштен екісінен астамы шұғыл көрсетілімдер бойынша жүргізілген. Аудандық ауруханада соқырішекті және өт қабын алып тастау, жарыққа ота жасау, сондай-ақ түрлі жаңа түзілімдерді алып тастау операциялары орындалады. Гинекологиялық хирургия бағыты да дамып келеді. Жақында ауруханаға іштің төменгі бөлігі қатты ауырсынуына шағымданған жас пациент түскен. Тексеру нәтижесінде ауырсынудың себебі көлемі 15 сантиметр болатын киста екені анықталды. Дәрігерлер шұғыл ота жасап, кистаны алып тастап, аналық безді сақтап қалды.

СНХ: АҚБОТА ҚОЖАМҚҰЛОВА, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГІ: Қазір науқас ауруханадан шықты, жағдайы қанағаттанарлық. Бірнеше жылдан кейін жүктілікті жоспарлай алады деп ойлаймыз. Жалпы, әйелдерге, жас қыздарға, әжелерге жыл сайын акушер-гинекологқа қаралып тұруға кеңес беремін. Ешқандай шағым болмаса да, профилактикалық тексеруден өту үшін міндетті түрде гинекологқа келу керек. Себебі кейбір аурулар бастапқыда еш белгісіз өтуі мүмкін. Киста, миома, жатыр мойнындағы түрлі түзілімдер біртіндеп дамиды. Қазір онкологиялық аурулар, соның ішінде жатыр мойны обыры да жиі кездеседі. Мұндай аурулар бастапқы кезеңде бірден белгі бермейді. Симптомдар ауру асқынып, үшінші немесе төртінші сатыға жеткенде ғана байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайда мүшені сақтап қалу немесе емнің қолайлы нәтижесіне қол жеткізу қиындай түседі.

РКС: Мамандардың айтуынша, мұндай оталардың аудандық ауруханада жасалуы тұрғындарға басқа қалаларға бармай-ақ, қажетті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды бағыт – ультрадыбыстық диагностика. Ауруханада Малика Қасымжанова есімді дәрігер жұмыс істейді. Ол құрсақ қуысы мүшелерін, бүйректі, қалқанша және сүт бездерін, сондай-ақ қан тамырлары мен жұмсақ тіндерді ультрадыбыстық зерттеуден өткізеді.


СНХ: МАЛИКА ҚАСЫМЖАНОВА, УЛЬТРАДЫБЫСТЫҚ ДИАГНОСТИКА ДӘРІГЕРІ: 2021 жылы Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдадым. Еңбек өтілім бес жыл. Мұнда шамамен бір ай бұрын көшіп келдік. Қала мен жергілікті тұрғындар ұнады. Алғаш келген күннен бастап-ақ қала тұрғындарымен таныстық. Барлығы көмек көрсетуге дайын. Басында білмеген нәрселеріміз көп болды, бірақ жұрттың бәрі көмектесуге, жөн сілтеуге тырысты. Келген бойда бізді баспанамен қамтамасыз етті. Жолдасыма да, балаларға да бәрі ұнайды. Балалар балабақшаға барады. Барлығы жақсы.

РКС: Ультрадыбыстық зерттеуден өту үшін тұрғындар учаскелік терапевтке жүгінуі қажет. Аудандық ауруханада хирургиялық бағытты дамыту және медицина мамандарын тарту жұмыстары жалғасып келеді. Бұл тұрғындарға қолжетімді медициналық қызметтердің түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді.


ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу