Ұлт жадындағы ұлағатты тұлға
ДИКТОР: Тарихтың терең қатпарында есімі ел жадында сақталған, ғибратты ғұмыры ұрпаққа өнеге болған тұлғалар аз емес. Солардың бірі, Зейнелғабиден Әміреұлы. Көрнекті тұлғаның туғанына 145 жыл толуына орай Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханасында «Әл-жауари ұлағаты» атты танымдық шара өтті. Тағылымды басқосуда оның өмір жолы, елге сіңірген еңбегі мен тарихи мұрасы кеңінен дәріптелді.
РКС: Зейнелғабиден Әміреұлы рухани мұрасы сан салалы. Әсіресе, Абай шығармаларын насихаттап, ұлы ақынның есімін елге танытудағы еңбегі айрықша. 1909 жылы Уфада жарық көрген «Насихат қазақия» кітабында Абай Құнанбайұлының өлеңдерін енгізіп, ақын мұрасын кеңінен дәріптеді.
СНХ: СӘБИТ ЖӘМБЕК, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: «Насихат қазақия» кітабында көптеген мәселелер қамтылады. Поэтикалық өлең мен жырлар да бар. Сонымен қатар тіл мәселесі, тіл тазалығы мәселесін алғаш көтергендердің бірі. Тағы бір айтакететін дүние, қазақ әдебиетінде ең алғашқы Абай танушылардың бірі. «Абай» кітабын Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев 1909 жылы Санк-Петербургте шықты. Ал, Зейнелғабиден Жауари соған дейін, Абайдың әсіресе М. Лермонтовтан аударған шығармаларын сыншыл көзбен, ой көзімен қарап сол Абайдың біраз өлеңдерін талдаған. Сондықтан біз әдебиет тарихында, Зейнелғабиден Жауаридің осы еңбегін ұмытпауымыз керек.
РКС: Зейнелғабиден Әміреұлының ағартушылық жолы да айрықша. Ол туған жерінде қазақ-орыс мектебін ашып, жас ұрпақтың білім алуына жол ашты. Қаламымен ұлт руханиятын байытып, ісімен білімнің шамын жаққан тұлғаның өнегелі өмірі бүгінгі ұрпаққа өшпес мұра.
СНХ: ЖАЙНА МЫРЗАХМЕТ, А.МЫРЗАХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Осы шараға келгеніме өте қуаныштымын. Өзіме қажетті мәліметтер алдым. Шара өте үлкен деңгейде өтті. Зейнелғабиден әл-Жауари бізге Абай атамыздың еңбектерін жеткізгені үшін рахмет. Біз үшін ол үлкен құндылық.
РКС: Тағылымды шарада тұлғаның өнегелі өмірі мен ағартушылық жолынан сыр шертетін бейнефильмдер мен танымдық роликтер көпшілік назарына ұсынылды. Тарих пен тағылым тоғысқан рухани кеш Зейнелғабиден Әміреұлының асыл мұрасын ұлықтап, ұрпақ жадында есімін жаңғыртты.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ