Қараша – ерлер денсаулығына назар аудару айы
ДИКТОР: Қараша айы әлем бойынша ерлер денсаулығының маңыздылығын насихаттауға арналған кезең. Бұл ретте қуықасты безі мен аталық без қатерлі ісігінің алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Дәрігерлер ер азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтеді. Өйткені ерлер әйелдерге қарағанда дәрігерге қаралуды жиі кейінге қалдырады. Қандай тексерулерден өту қажет және қандай белгілерге бейжай қарауға болмайды? Бұл туралы тілші материалында.
РКС: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ер адамдар дәрігерлер мен емханаларға әйелдерге қарағанда 30-40 пайызға сирек жүгінеді. Көкшетау қаласының тұрғыны Талғат Қойшыбаев та осы статистикаға іліккендердің бірі. Ол 2 ай бойы ауырсынуға шыдап, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырған. Ақыры ауруханаға жүгінгенде, варикоцель диагнозы қойылған.
СНХ: ТАЛҒАТ ҚОЙШЫБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ НАУҚАСЫ: Екі айдай шыдап жүрдім. Басында баруға ыңғайсыздандым, кейін дәрігерге қаралуға кеңес берді. Содан соң сол дәрігер қалалық аурухананың урология бөліміне жолдады. Осылайша осында келдім. Өкінген жоқпын. Бүгін таңертең ота жасалды. Көріп тұрғандарыңыздай, түстен кейін-ақ аяғыма тұрдым. Мұндағы дәрігерлер мен мамандар өте білікті. Бөлім меңгерушісі Валерий Валерьевич Гагиевтің жетекшілігімен жұмыс істейді. Менің ойымша, ең бастысы денсаулық. Сондықтан ештеңеден қысылмай, уайымдаудың қажеті жоқ. Дәрігерлер өте сауатты, бағыт-бағдар беріп, кеңестерін айтады. Медицина қызметкерлерінің күтімі де жақсы. Сондықтан мұнда емделуге болады әрі қажет.
РКС: Қараша айындағы профилактикалық науқан аясында дәрігерлер онкологиялық аурулардың алдын алуға да ерекше назар аударып отыр. Бұл дерттердің қауіптілігі, бастапқы кезеңде көбіне еш белгісіз өтуінде.
СНХ: ВАЛЕРИЙ ГАГИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫ УРОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Қуықасты безінің қатерлі ісігі көбіне кездейсоқ анықталады. Яғни науқастың BRCA1 және BRCA2 гендеріне зерттеу жүргіземіз. Бұл гендердегі өзгерістер қуықасты безі онкологиясының даму қаупінің жоғарылауымен байланысты. Содан кейін науқасты жан-жақты тексереміз. Атап айтқанда, кіші жамбас ағзаларына контрастпен МРТ жасалады. Егер күмәнді ошақ анықталса, қуықасты безінің биопсиясын жүргізіп, диагнозды нақтылаймыз. Нәтижесіне ұарай емдеу жолдарын таңдаймыз. Ал аталық без қатерлі ісігіне келетін болсақ, науқастар кейде ондағы өзгерістерді өздері де сипап байқай алады. Ағзалар арасында асимметрия байқалған жағдайда, ұма мүшелеріне ультрадыбыстық зерттеу жүргізу қажет. Егер қандай да бір түзіліс анықталса, қатерлі ісікке тән онкомаркерлерге талдау тапсыру керек.
РКС: Қараша айы ерлер денсаулығына назар аударып, аурудың алдын алу маңыздылығын еске салатын ай. Дәрігерлер ер азаматтарды денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, тұрақты тексеруден өтіп, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмауға шақырады. Мамандардың айтуынша, ауруды ерте анықтау, алдын алу шаралары мен жүйелі медициналық бақылау денсаулықты сақтап, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ