Негізгі Жаңалықтар Қосшыда ірі жобалар жүзеге асуда

Қосшыда ірі жобалар жүзеге асуда


ДИКТОР:Қосшы қаласында қалалық прокуратураның жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты рәсімге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Өңір басшысы жұмыс сапары аясында шаһардағы маңызды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен де танысты. Атап айтқанда, мектеп құрылысының барысын көріп, қаланың жылыту маусымына дайындығын тексерді. Тілші материалында.

РКС: Қос қабатты жаңа прокуратура ғимараты қызметтік жұмыстарға қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда қызметтік кабинеттер, азаматтарды қабылдау бөлмесі, мәжіліс залы мен қосалқы бөлмелер қарастырылған. Сапар барысында өңір басшысына ведомствоның цифрлық мүмкіндіктері таныстырылды. Олардың қатарында прокурордың жасанды интеллект негізіндегі көмекшісі мен цифрлық бақылау бағдарламасы да бар.

СНХ: ДӘУРЕН ДАИРОВ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ: Қосшы қаласында 176 сотталған азамат есептен өтті. Қазір пробациялық бақылауда 90 адам тұр. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша қайталама құқық бұзушылықтарға жол берілген жоқ. Бұл көрсеткіштің сақталуына ықпал ететін факторлардың бірі, цифрлық бақылау жүйесі. Оның көмегімен бақылауда тұрған азаматтардың, мәселен, түнгі уақытта қала аумағынан шыққан жағдайларын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік бар.

РКС: Бұдан кейін өңір басшысы 1500 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Негізгі құрылыс жұмыстары мен шатырды монтаждау аяқталған. Қазір нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба жетекшісі Руслан Тоқпанбайдың айтуынша, құрылыс жыл соңына дейін толық аяқталады. Жаңа білім ордасында оқушылар үшінші тоқсаннан бастап білім ала алады.

СНХ: РУСЛАН ТОҚПАНБАЙ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ: Ғимараттың жалпы ауданы 14 500 шаршы метр. Қазір абаттандыру жұмыстарының 95 пайызы орындалды. Сыртқы инженерлік желілер толығымен аяқталып, жылу жүйесіне қосылды. Барлығы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Абаттандыру аясында футбол стадионы, баскетбол, волейбол және теннис алаңдары қарастырылған. Сонымен қатар оқушылардың демалыс аймақтары, балалар ойын алаңдары мен воркаут алаңдары бар. Оқу кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мектеп жобасында жоғары және төменгі сынып оқушыларының қозғалыс бағыттары бір-бірімен қиылыспайтындай етіп жоспарланған.

РКС: Өңір басшысы қаланың қысқы маусымға дайындығын да назардан тыс қалдырмады. Қосшы қаласының орталық қазандығында қазандықтардың бірі жөндеуден өткізіліп, нысанның қуаттылығы артты. Бұл жылу беруде қосымша резерв қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қазір жабдық штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Марат Ахметжанов Viamedis жаңа ауруханасының құрылыс барысын тексерді. Нысанды биылғы желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу