№5 «Таңдау» мектеп-гимназиясына 100 жыл
ДИКТОР: Өткен демалыс күндері Көкшетау қаласындағы №5 «Таңдау» көпсалалы мектеп-гимназиясының құрылғанына 100 жыл толды. Осыған орай мектеп ұжымы мен түлектері әлеуметтік желілерде ауқымды челлендж ұйымдастырып, экскурсиялар мен кездесулер өткізді. Сондай-ақ мерекелік концерт тарту етті.
РКС: Мерейтой көптеген түлектер үшін балалық шақтағы естеліктерді жаңғыртып, алтын ұя мектебін сағынышпен еске алуға себеп болды. Бірі әлеуметтік желілерде естеліктерімен бөліссе, енді бірі сүйікті мектебінің табалдырығын қайта аттап, өздері білім алған сыныптарға барып, балалық шаққа саяхат жасады.
СНХ: ЛЕЙЛА МҰХАМЕТЖАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ №5 «ТАҢДАУ» КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ (1984 ж.): Мектебіміздің мерейтойы аталып өтіп жатқанын естігенде, бұл қуаныштан шет қала алмадым. Сондықтан арнайы келдім. Мен өз мектебімді өте жақсы көремін. Мектепте жақсы әрі қызығушылықпен оқыдым. Оқу орнын алтын медальмен тәмамдадым. Осы күнге дейін барлық ұстаздарымды үлкен алғыспен еске аламын. Себебі олар маған әлі күнге дейін қажетімді өтеп келе жатқан тамаша білім берді.
РКС: Мерекеге орай мектеп-гимназияда оқушылар, ұстаздар қауымы мен әкімшілік өкілдері, еңбек ардагерлері және әр жылдардағы түлектер бас қосты. Айта кетейік, олардың арасында бір кездері осы білім ордасында оқып, бүгінде мұнда ұстаздық етіп жүрген жандар да бар. Бұл – мектеп ұжымы үшін ерекше мақтаныш.
СНХ: ӘСЕМ ҚАМАЛИДЕНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ №5 «ТАҢДАУ» КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мен 2005-ші жылы осы мектептің табалдырығын атталған едім. Міне содан бері 21 жыл өтті. Осы жылдар ішінде гимназиямыз мен үшін жай ғана жұмыс орны емес, екінші үйіме айналды. Бұл шаңыраққа талай шәкірттім өсіп, үлкен өмірге қаңат тапқанына куә болдым.
РКС: Білім ордасының ғасырлық мерейтойының шарықтау шегі Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен салтанатты шара болды. Мерекелік концерт барысында сахна төрінде жергілікті өнерпаздар мен би ұжымдары өнер көрсетті.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ