Санитарлық бақылау цифрлық форматқа көшті
ДИКТОР: Енді медициналық ұйымдар мен кәсіпкерлер қажетті құжаттарды онлайн жолдап, тексеру нәтижелерін электронды түрде бақылай алады. Өңірде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға арналған «Е-СЭН» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Жаңа платформаның мүмкіндіктері қандай? Тілші айтсын.
РКС: Бұған дейін санитарлық қызметке есеп тапсыру үшін құжаттарды қағазға түсіріп, тиісті басқармаға жеке апару қажет болса, енді барлық мәлімет «Е-СЭН» жүйесі арқылы онлайн жолданады. Көкшетау қалалық емханасы жаңа платформаны алғашқылардың бірі болып қолданысқа енгізді.
СНХ: ВЛАДИМИР АНДРЮШКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ГИГИЕНИСТ-ЭПИДЕМИОЛОГІ: Бұл жүйе жұмысымызды едәуір жеңілдетті. Өндірістік бақылауға қатысты құжаттарды енді қолмен толтырып, апарудың қажеті жоқ. Барлық мәліметті электронды түрде енгіземіз. Қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуін де осы жерден бақылай аламыз. Ал гигиеналық оқыту туралы мәліметтер жалған құжаттарды анықтауға көмектеседі.
СНХ: ВЕРА ТЮШИНА, ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ МЕЙІРБИКЕСІ: Мен бұл жүйе арқылы өндірістік бақылау, қызметкерлердің гигиеналық даярлығы және медициналық тексеруден өтуі туралы мәліметтерді енгіземін. Қажетті құжаттарды электронды түрде жолдаймыз. Бұрынғыдай қағаз жинап, мекемеге барудың қажеті жоқ. Бұл екі жақтың да жұмысын жеңілдетіп отыр.
РКС: Жаңа платформа кәсіпкерлерге де тиімді. Олар жеке кабинеті арқылы өз нысанына қатысты тексеру нәтижелерін, берілген нұсқамалар мен айыппұлдар туралы ақпаратты көре алады. Бұдан бөлек, әр қызметкердің медициналық тексеруден өту мерзімін бақылауға мүмкіндік бар. Яғни, қажетті шараларды алдын ала жоспарлап, санитарлық талаптардың сақталуын қадағалауға болады.
СНХ: ҚАНАТ ЫСҚАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Кәсіпкер әр қызметкерінің медициналық тексеруден өту мерзімін көре алады. Мерзімнің аяқталуына бір ай қалғанда жүйе сары түспен ескертеді. Ал мерзімі өтіп кетсе, қызыл түспен белгілейді. Осылайша, кәсіпкер қызметкеріне алдын ала ескертіп, тексеруден уақытында өтуін қадағалайды. Біз үшін де жүйенің пайдасы зор. Ең бастысы – ашықтық. Қай нысанның не себепті тексеру тізіміне енгізілгені жүйеде анық көрінеді. Сондықтан тексеруге қатысты артық сұрақ туындамайды.
РКС: Осылайша, санитарлық бақылау саласындағы құжат айналымы цифрлық форматқа көшіп, бұрынғы қағазбастылық азаймақ. Ал медициналық ұйымдар мен кәсіпкерлер қажетті ақпаратты бір жерден алып, санитарлық талаптардың орындалуын уақытылы қадағалай алады.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, КӨКШЕ АҚПАРАТ