Негізгі Жаңалықтар Ауқымды құрылыс жобаларына 6,5 трлн. теңге бөлінеді

Ауқымды құрылыс жобаларына 6,5 трлн. теңге бөлінеді


ДИКТОР: Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге - «Халықтық құрылыс» жобасына бағытталады. Бұл қаражаттың әр тиыны ел игілігіне қызмет етуі тиіс. Мемлекет басшысы Жолдауында - осындай міндет қойды. Ауқымды бастама аясында өңірлерде әлеуметтік нысандар салынып, жолдар мен инженерлік желілер жаңғыртылады. Сонымен қатар шағын бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу міндеттері белгіленді. Аталған бастамалар ең алдымен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Бұл жобалардың нақты нәтижесіне халық та зор сенім артып отыр. 

РКС: Еліміздің әр өңірінде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Олардың қатарында ауруханалар, перзентханалар, жедел медициналық көмек станциялары мен оңалту орталықтары бар. Сондай-ақ білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық нысанның құрылысы басталады. Қала тұрғындары әсіресе, денсаулық сақтау, баспана және энергетика саласындағы өзгерістерді - маңызды деп санайды.

СНХ: МАЙШАШ МАХМЕТОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біздің Көкшетау қаласында сол бастамалардың жалғасы жақсы жүріп жатыр деп ойлаймын. Өйткені жаңа аурухана салынып жатыр Сарыарқа жақта, мектептер, Көкшетау үлкейіп жатыр, жаңа үйлер салынып жатыр, соған бізге жыу керек қой, бізде жаңа ТЭЦ салынып жатыр. Сол ойлаймын барлығы жақсы болады деп. Қала мен ауылдың кісілері теңделеді деп ойламын. Ауыз су, жолдарын – бәрін жөндеп, нетсе, барлығы жақсы болады деп ойлаймын. 

РКС: Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз озық әрі технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет құру ісіне серпін бердік. Енді бұл жұмысты әрі қарай жүйелі жалғастырып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруымыз қажет. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осылай деді. Бүгінде аймақта байланыс мәселесі өзекті болған 90 елді мекен аумағының 71-і сапалы байланыспен қамтылды. «Қолжетімді интернет» жобасы аясында 281 ауылға талшықты-оптикалық желі тарту жоспарланған. Қазірдің өзінде 80 елді мекен Starlink және OneWeb спутниктік интернетіне қосылды.

СНХ: АЛИМА ТАЛИПОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бүгінде Қазақстан цифрландыру қарқыны бойынша алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Мемлекет басшысының бұл бағытқа басымдық беруі маңызды. Халқымыз заман талабына сай технологиялық өзгерістерді қабылдап, жаңа цифрлық мүмкіндіктерді игеруге дайын екенін көрсетіп келе жатқаны қуантады. 

РКС: 2035 жылға қарай еліміз бойынша орталықтандырылған газбен қамту деңгейін 80 пайызға жеткізу көзделген. Былтыр осы бағытта 84 жоба жүзеге асты. Жалпы, 2029 жылдың соңына дейін Көкшетау қаласы мен солтүстік аудандарға көгілдір отын жеткізіледі. Алдағы үш жылда өңірдің 337 елді мекенін табиғи газбен қамту жоспарланып отыр.  

СНХ: ГАЛИНА МИНЕНКО, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Газ құбырлары тұрғын үйлерге дейін тартылып, халық көгілдір отынның игілігін көруі керек. Бұл, әсіресе, тұрмыста газ баллондарын пайдаланудан туындайтын қауіптің алдын алу үшін өте маңызды. Өйткені қауіпсіздік мәселесі әрдайым бірінші орында тұруы тиіс. 

РКС: «Халықтық құрылыс» жобасы аясында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілген. Бұл бағытта аймақта ет өндірісін 7 есе арттыру көзделіп отыр. Ол үшін алты бордақылау алаңы, асыл тұқымды мал өсіретін 3 орталық және заманауи ет өңдеу комбинаты салынады. Жобаға 400 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, нәтижесінде 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазір аймақта 34 мың басқа арналған 7 ірі бордақылау алаңы және ет өңдейтін 23 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. 

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу