Құрылыс материалдарының 73% Қазақстанда өндіріледі
ДИКТОР: Қазақстандық өндірушілер еліміздің құрылыс материалдарына деген қажеттілігінің төрттен үш бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Ал кейбір негізгі өнім түрлері бойынша ішкі нарықтың сұранысы толықтай дерлік отандық өндіріс есебінен өтеледі. Атап айтқанда, ғимараттар тұрғызу кезінде Қазақстанда өндірілген цемент, бетон, темірбетон бұйымдары, металл конструкциялар мен гипсокартон кеңінен қолданылады. Жуырда Көкшетау қаласында тағы бір бетон зауыты іске қосылды. Бүгінде кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп тұр. Мұнда 30-ға жуық адам еңбек етеді. Зауыт басшылығы өндіріс ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.
РКС: Қалада ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік мол. Бұған Көкшетауда жаңадан ашылған бетон зауытының жұмысы дәлел. Кәсіпорында түрлі маркалы тауарлық бетон өндіріледі. Өндіріс қуаттылығы сағатына 180 текше метр. Мамандардың айтуынша, құрылыс нысанының өзіндік ерекшелігі бар. Бетон құрамын да соған сәйкес таңдау қажет. Қолданылатын материалдың сапасы болашақ ғимараттың іргетасы, едені мен қабырғаларының беріктігіне және ұзақ мерзімге жарамдылығына тікелей әсер етеді. Өнімнің сапасы арнайы зертханада қадағаланады. Ал дайын бетон құрылыс алаңдарына арнайы автобетонараластырғыш көліктермен жеткізіледі.
СНХ: ӘДІЛЕТ МҰХИДЕНОВ, БЕТОН АРАЛАСТЫРҒЫШ АВТОКӨЛІКТІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ: Зауыт ашылған күннен бастап еңбек етемін. Құрылыс жұмыстары басталған кезден бері жұмыс істеп жүрмін. Қазір бізде осындай төрт арнайы көлік бар. Еңбек жағдайы жақсы. Бетонды негізінен қала ішіндегі және аудандардағы құрылыс нысандарына жеткіземіз. Көбіне ірі нысандарға тапсырыс түседі. Бір күнде шамамен 100-120 текше метр бетон тасымалдаймын. Көліктің сыйымдылығы 10-12 текше метр. Барлығы тапсырыс көлеміне байланысты. Қыс мезгілі жақындағандықтан, құрылыс жұмыстарын аяқтауға асыққандар көп. Сондықтан тапсырыстар да көбейді.
РКС: Бар болғаны үш айдың ішінде зауыт бетон өндірісін жолға қойып, тұрақты жұмыс ырғағына көшкен. Бүгінде кәсіпорын басшылығы өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім түрін көбейтуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта шаhарда құрылыс материалдарын өндіретін өзара сабақтас кәсіпорындарды біріктіретін тұтас «құрылыс кластерін» қалыптастыру көзделген.
СНХ: ФАИМ ЖҰМАБЕКОВ, «AQMOLA BETON INDUSTRY» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ: Алдағы мақсатымыздың бірі – темірбетон бұйымдарын өндіру. Сонымен қатар құрғақ құрылыс қоспаларын шығаруды да көздеп отырмыз. Бұл өнім түрлерін көбейтіп, нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Шикізат қоры мол өңірде орналасқанымыз біздің басты артықшылығымыз. Инертті материалдар да жақын маңда. Сондықтан шикізатты терең өңдеп, дайын өнім өндіруге басымдық беруіміз қажет. Алдымызда ауқымды жоспарлар бар.
РКС: Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алдағы жылды «Жаппай ауқымды құрылыс жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай, ішкі нарықты сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету мәселесі өзекті бола түсті. Қазір құрылыс материалдары өндірісі Ақмола облысында ғана емес, республика көлемінде де қарқын алып келеді. (ГЕО: АСТАНА) Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, бұл отандық өнімдердің ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік берген. Соның нәтижесінде бір жылдың ішінде қазақстандық құрылыс материалдарының нарықтағы үлесі 67 пайыздан 73 процентке дейін өскен.
СНХ: ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ: Қазіргітаңда құрылыс материалдарының 73%-ы Қазақстанда шығарылады. Яғни, цементпен, бетонмен, темірбетонмен, металлоконструкциядармен, және гипсокартонмен біз өзіміз ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отырмыз. Біз импортқа тәуелділікті азайту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз. Жыл соңына дейін Қазақстанда 45 жаңа жоба іске қосылады. Мақсатымыз – отандық өндірістің үлесін 80%-ға жеткізу.
РКС: Құрылыс материалдарын өндіру – Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі саланың бірі. Мамандардың пікірінше, Мемлекет басшысы жариялаған «Халықтық құрылыс» ауқымды мемлекеттік бағдарламасы осы саланың одан әрі дамуына тың серпін беріп, отандық өндірістің әлеуетін арттыруға жол ашпақ.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСИН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ