Өңірде 135 есірткі қылмысы анықталды
ДИКТОР: Аймақта «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды. Бес айда 135 есірткі қылмысы анықталып, заңсыз айналымнан 330 келіден астам есірткі тәркіленді.
РКС: Операция барысында есірткі бизнесінің бірқатар ірі арналары әшкереленді. Целиноград ауданында 10 келі синтетикалық есірткі сақталған жасырын зертхана жойылды. Ал шетелден және еліміздің өзге өңірлерінен тыйым салынған заттарды жеткізетін 6 арнаның жолы кесілді.
СНХ: ДАРХАН ДОСАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Облыс аудандарының бірінде тұратын 36 жастағы азаматтың ұсталғаны ерекше назар аудартады. Ол есірткі саудасын отбасының табыс көзіне айналдырған. Әйелі мен үш баласын ертіп, облыс орталығына көшіп келген ол қарапайым есірткі таратушыдан ірі партияларды қабылдап, бөлшектейтін қоймашы деңгейіне дейін өскен. Ұстау кезінде одан 2 келіден астам альфа-PVP мен мефедрон тәркіленді.
РКС: Есірткі саудасы интернет кеңістігінде де өршіп тұр. Тәртіп сақшылары заңсыз жарнамаға қатысты 440 сілтемені анықтап, «Кибернадзор» жүйесіне енгізді. Сонымен қатар «Антифрод» жүйесі арқылы 550 банк картасы мен шоты бұғатталды. 36 миллион теңгеден астам қаражаттың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды.
СНХ: ДАРХАН ДОСАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Интернет-ресурстарға тұрақты түрде қатаң мониторинг жүргізіледі. Арнайы іс-шара барысында есірткі жарнамасы мен оны таратуға қатысты жұмыс ұсыныстары жарияланған сайттарға 440 сілтеме анықталды. Олардың барлығы «Кибернадзор» жүйесіне енгізілді. Бұдан бөлек, «Антифрод» ақпараттық жүйесі арқылы жалпы сомасы 36 миллион теңгеден асатын 550 банк картасы мен шоты бұғатталды.
РКС: Астрахан ауданының тұрғыны Таиландтан пошта арқылы есірткі алдырмақ болған. Операция барысында 18 есірткі таратушы ұсталды. Сонымен қатар жабайы сора өскен алқаптарды жою жөнінде жер иелеріне 100-ден астам нұсқама берілді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ