Көкшетауда еркін күрестен халықаралық турнир өтіп жатыр
ДИКТОР: Кеше шаһарда жасөспірімдер арасында еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт шебері Ахметжан Қазымбетовті еске алуға арналған халықаралық турнир басталды. Дода үш күнге созылады. Турнирдің бірінші күннің белдесулерін тілшіміз Евгений Варанкин тамашалап қайтты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Байрақты бәсекеге Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейден келген 300-ден астам жас балуан қатысып жатыр. Жарыстың алғашқы күні U 17 жас санатындағы спортшылар үш салмақ дәрежесінде сынға түсті.
СНХ: АСАН ҚАЛИЖАНОВ, U17 САНАТЫ БОЙЫНША АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: Осы жарыс программамен бүгін үш салмақ күреседі – 45, 60, 110. Келесі екі күнде төрт салмақта күреседі. Қазір открытиеден кейін финалдық белдесулер болады. Мықты балалар осы жарыста бірінші орынға күреседі.
РКС: Ахметжан Қазымбетовтің есімін ұлықтауға арналған жарыстар өңірде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Әсіресе, спорт шеберінің туған жері – Қызылту ауылында жыл сайын турнир өткізіледі. Білікті бапкер ғұмырын ұлттық спорттың дамуына арнап, талай шәкіртті тәрбиелеген. Спорт шеберінің ұлы Қайрат Қазымбетов бұл турнирдің жас спортшылар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
СНХ: ҚАЙРАТ ҚАЗЫМБЕТОВ, АХМЕТЖАН ҚАЗЫМБЕТОВТЫҢ ҰЛЫ: Мың да бір рақмет айтамын, біріншіден жас балуандарға келіп отырған жарысқа, көрермендерге және Ақмола облысының спорт комитетіне. Осындай жарыстар көбейе берсін, қазақ елі көтеріле берсін. Жас ұрпақтарымыз өсіп, үлкен балуан болсын.
РКС: Халықаралық турнирге шетелден де танымал спортшылар мен тәжірибелі бапкерлер арнайы келген. Олар жас балуандардың шеберлігін шыңдап, жарыс барысында қолдау көрсетіп жүр. Солардың бірі – еркін күрестен үш дүркін әлем чемпионы, Әзірбайжан күрес федерациясының еркін күрес үйлестірушісі Гаджи Алиев. Даңқты балуан Қазақстанда күреске деген қызығушылықтың жоғары екенін атап өтіп, мұндай жарыстардың жас спортшылардың қалыптасуындағы роліне тоқталды.
СНХ: ГАДЖИ АЛИЕВ, ЕРКІН КҮРЕСТЕН ҮШ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ: Қазақстанда жүргеніме он күнге жуықтады. Астанада болып, әлем чемпионатын тамашаладым. Қазақстанда күресті қаншалықты жақсы көретінін тағы бір мәрте байқадым. Әзірбайжанда да күреске деген құрмет ерекше. Сіздерде мықты балуандар бар. Осындай жарыстарды ұйымдастыру жас спортшылар үшін өте пайдалы деп ойлаймын. Олар мұндай бәсекелерге неғұрлым көп қатысса, болашақта соғұрлым жақсы нәтижелерге қол жеткізеді. Баршаңызға сәттілік тілеймін! Ең мықтысы жеңіске жетсін!
ИНТЕРШУМ:
РКС: Турнирдің алғашқы күнінде Ақмола облысының қоржынына алтын медаль түсті. 60 келі салмақ дәрежесінде белдескен Тамерлан Әшенов барлық қарсыласынан басым түсіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жас спортшы күреспен он жылдан бері айналысады. Бұған дейін де Қазақстан чемпионы атанған.
СНХ: ТАМЕРЛАН ӘШЕНОВ, ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗЫ: Әсер жақсы, бәрі керемет, жақсы деңгейде өтті жарыс. Осы жарысқа жақсы дайындалдым, мықты жарыс болғаннан кейін. Жақсы формада келдік. Күреспен айналысып жүргеніме 10 жыл болды. Кішкентай кезімнен бастағанмын. Ағам алып келді күреске.
РКС: Жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша 45 келі салмақ дәрежесінде Әзірбайжан елінің өкілі Юсуф Абдуллаев, 60 келіде Ақмола облысының балуаны Тамерлан Ашенов, ал 110 келіге дейінгі салмақта Алматы қаласының спортшысы Рыза Муштаков алтын медаль иеленді. Алдағы екі күнде қалған салмақ дәрежелері бойынша өтетін белдесулерде турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ