Бурабайда көпфункционалды конгресс орталығының құрылысы басталды
ДИКТОР: Бурабай енді халықаралық басқосулар өтетін орталыққа айналмақ. Курортты өлкеде көпфункционалды Конгресс орталығының құрылысы басталды. Құны 19,8 миллиард теңге болатын жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр.
РКС: Сексен көлдің саясында жатқан Бурабайға жыл сайын 2 миллионнан астам турист келеді. Жазғы маусымның өзінде демалушылар саны тіпті 1,5 миллионға жуықтайды. Алайда бұған дейін халықаралық деңгейдегі ірі шараларды өткізуге арналған арнайы кешен болмаған. Жаңа Конгресс орталығы осы қажеттілікті өтеп, Бурабайдың туристік тартымдылығын күшейтеді, - дейді сала мамандары.
СНХ: ШЫНАРБЕК БАТЫРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ ЖӘНЕ ДЕМАЛЫС ИНДУСТРИЯСЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Бүгін міне, тарихи күн деуге болады. Бәріміз қуаныштымыз. Неге десеңіз көп жыл бойы осы Бурабайда өткізіп жатқан туристік жәрмеңкелер, слет, фестивальдар – соны спорт зал, ресторандарда өткізетін едік. Енді, бұл 3 га жерде 1200 кв метрлік конгресс орталығы ашылайын деп жатыр. Ол бізге үлкен жетістік. Ол үлкен қуаныш. Бұл конгресс халықаралық деңгейде салынып жатқан ғимарат. Сондықтан бұл жерде тек облыстық шаралар емес, мемлекеттік қана емес, халықаралық деңгейдегі үлкен шаралар өткізіледі.
РКС: Үш гектардан астам аумаққа жайғасатын кешеннің жалпы ауданы 13 мың шаршы метрге жуық. Екі қабатты ғимарата бір мың орынға шақталған концерт залы, конференц-залдар мен көрме павильоны болады. Сонымен қатар 10 мың жәдігерге арналған музей қоры жасақталады. Бастысы - нысанның құрылысы ең алдымен жергілікті халық үшін маңызы зор.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Сондықтан бұл Бурабай курортының дамуына бір оң серпін беретін үлкен жоба. Салық әкеледі, жол салынады.
РКС: Ал Щучинск қаласында қысқы спорт түрлерін дамытуға арналған республикалық оқу-жаттығу базасының құрылысы жүріп жатыр. Жоба аясында төрт оқу-жаттығу трамплині, 300 орындық мектеп-интернат және үш мың көрерменге арналған мұз аренасы салынады. Кешен 2028 жылы пайдалануға беріледі.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ