Экожүйе: тұрақты тәжірибелерден экологиялық санаға дейін
ДИКТОР: Көкшетауда экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау мәселелері талқыланды. «ЭкоЖүйе: тұрақты тәжірибелерден экологиялық санаға дейін» жобасы аясында өткен диалог алаңына қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың және ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты. Жиында өңірдегі экологиялық бастамалар, қалдықтарды сұрыптау, су ресурстарын сақтау және тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру жолдары сөз болды.
РКС: Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда қоғамдық ұйымдардың үлесі зор. Бүгінде Ақмола облысында бұл бағытта бірнеше үкіметтік емес ұйым бірлесе жұмыс істеуде. «Экологиялық ынтымақтастық» бірлестігі құрылып, оның құрамына қоғамдық 4 ұйым бірікті. Олар Көкшетау қаласымен қатар, өңірдің бірқатар ауылында жасыл бастамаларды жүзеге асыруды көздейді.
СНХ: ИРИНА ТЕРЕНТЬЕВА, «АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫ» ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Оның бірі – біздің ұйым, ал қалған үшеуі аудандарда жұмыс істейді. Атап айтқанда, Атбасар ауданының Новосельское ауылы, Ақкөл ауданының Репинка және Чайкино ауылдарындағы ұйымдар. Чайкино ауылында жақында жаңа мектеп салынды. Енді олар да жасыл бастамаларды жүзеге асыруға кірісіп жатыр. Бірнеше ұйымның ортақ мақсатқа бірігуі бізді қуантады. Жобамызға Алматы қаласындағы Ресурстық орталық қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Алдағы уақытта жобаның нәтижесін көріп, жинақтаған тәжірибемізбен республика көлемінде бөлісеміз.
РКС: Экологиялық бастамаларды жүзеге асырумен қатар, тұрғындардың күнделікті әдеттерін өзгерту де маңызды. Әсіресе, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастырып, қайта өңдеу жүйесін дамыту қажеттігі айтылды.
СНХ: АНАРА СӘРСЕНОВА, «ЭКО-КӨКШЕ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Қалада тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіріп, қоқысты бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру қажет. Сонымен қатар тұрғындардың экологиялық сауаттылығы мен санасын арттыру маңызды. Бұл ретте жастарға басымдық берген жөн. Өйткені оларды жаңа дағдыларға үйрету әлдеқайда жеңіл. Сондықтан қоқысты сұрыптау мен бөлек жинау тәжірибесін кеңінен енгізіп, күнделікті өмірде қолдануымыз керек.
РКС: Диалог алаңында қатысушылар өз жобаларын таныстырып, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар Көкшетау қаласының экологиялық жағдайына қатысты өзекті мәселелер де көтерілді. Атап айтқанда, Қопа көлінің ахуалы мен ауыз судың сапасы талқыланды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ