«AgroШебер-2026» халықаралық шеберлік байқау өтуде
ДИКТОР: Кәсіби шеберлік шекара талғамайды. Үздіктердің бәсекесі осы жолы Красный Яр ауылында аграрлық сала мамандарының басын қосты. «AgroШебер-2026» халықаралық кәсіби шеберлік байқауына Ақмола облысынан бөлек, Беларусь Республикасының өкілдері де қатысып, өзара тәжірибе алмасуда. Халықаралық деңгейдегі байқау жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, агроөнеркәсіп саласындағы кәсіби байланысты нығайтуды көздейді.
РКС: Байқауға Ақмола облысындағы 7 колледж бен агроөнеркәсіптік 6 кәсіпорынның өкілі бақтарын сынауда. Қатысушылар өндірістік оқыту шеберлері мен механизаторлар арасында өзара үздіктерді анықтайды. Ал Беларусь елінен келген маманның қатысуы сайыстың ауқымын кеңейтіп, халықаралық тәжірибе алмасуға жол ашып отыр.
СНХ: АРТЕМ КРИВОПУСТ, СМИЛОВИЧИ МЕМЛЕКЕТТІК КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ (БЕЛАРУСЬ): 2024 жылы 2 колледж арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Содан бері тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Ал біз бүгінгі байқауға тәжірибе алмасып, өз жетістіктерімізбен бөлісу және сіздердің озық үлгілеріңізді үйрену мақсатында келдік. Сонымен қатар, осы колледжбен құзыреттілік орталықтары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Біздің колледжде Ақмола аграрлық саласының орталығы жұмыс істейді, ал сіздердің оқу орындарыңызда дәлме-дәл егіншілік орталығы ашылған. Осы бағытта да тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол.
РКС: 2 күнге жоспарланған байқау 3 практикалық кезеңнен тұрады. Қатысушылар тракторлардың техникалық ақауларын анықтап, бөлшектерін құрастыру мен реттеу жұмыстарын орындайды. Сондай-ақ заманауи ауыл шаруашылығы техникасын басқару шеберлігін көрсетеді. Мұнда әр тапсырма маманның білімі мен тәжірибесін, кәсіби дайындығын сынға салады.
СНХ: АЛЕКСАНДР МЕШКОВ, ӨНДІРІСТІК ОҚЫТУ ШЕБЕРІ:(БЕЛАРУСЬ): Біз бұл конкурсқа бір ай бойы дайындалдық. Ал тапсырма модульдері жарысқа бір апта қалғанда ғана белгілі болды. Дайындық барысында бағдарлама үнемі жетілдіріліп отырды. Мұндағы тракторлардың басым бөлігі бізге таныс. Дегенмен, өзге үлгідегі техникалармен дайындалған едік. Өндірістік оқыту шебері ретіндегі еңбек өтілімім 17 жыл. Сондықтан мұндай сынақтарға дайынмын деп айта аламын. Тапсырмалардың көпшілігі маған таныс. Тек Қытайда құрастырылған John Deere тракторын бұрын-соңды көрмеппін. Бұл техникамен алғаш рет жұмыс істеп тұрмын.
СНХ: ӘСЕТ ЖҰМАШ, «ALTYNTAU KOKSHETAU» КӘСІПОРНЫНЫҢ БУЛЬДОЗЕР ОПЕРАТОРЫ: Байқау өте жақсы деңгейде өтіп жатыр. Беларус елінің мамандары өнерлерін шыңдап жатыр. Біздің мамандар да жақсы, олардан кем емес.
РКС: AgroШебер-2026» халықаралық байқауында 20 жуық қатысушы ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу мен басқару бойынша кәсіби шеберліктерін паш етті. Теориялық білім мен тәжірибені ұштастырған сайыскерлер күрделі тапсырмаларды жоғары деңгейде орындады. Деседе, халықаралық дода мұнымен аяқталмайды. Үздіктерді анықтап, жеңімпаздарды марапаттау бәсекесі ертең жалғасын таппақ.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ