Аймақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 324,8 млрд. теңге бөлінді
ДИКТОР: Агроөнеркәсіп кешенін жеңілдетілген қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Биыл өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 325 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Мұндай қолдаудың арқасында Ақмола облысының шаруалары өндірістік қуаттарын арттырып, өнімділікті жоғарылатуға мүмкіндік алды.
РКС: Ақмола облысы биылғы егін орағы науқанын жоғары көрсеткіштермен аяқтап, еліміз бойынша жалпы бидай жинаудан бірінші орынға шықты. Диқандар 6 миллион 300 мың тонна астық жинады. Оның 70 пайыздан астамы жоғары сапалы бидай. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге мемлекет тарапынан көрсетілген жүйелі қолдау да ықпал етті.
СНХ: БОЛАТ ӘБДІРАХМАН, ШАРУА: Биыл қазақстандық өндірістен шыққан аммофос тыңайтқышын сатып алдық. Құнының 40 пайызын өз қаражатымыздан төледік, қалған 60 пайызын мемлекет өтейді. Бұл шаруалар үшін үлкен көмек. Сонымен қатар «Кең дала» бағдарламасын да пайдаланып келеміз. Соның арқасында тұқым, гербицид, тыңайтқыш пен жанармайды уақытылы сатып аламыз. Биыл күзде міндеттемелерімізді өтеп, желтоқсан айында келер жылға қаржыландыру алуды жоспарлап отырмыз.
РКС: Биыл Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 324 миллиард 800 миллион теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен үштен бірге көп. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында өңірдің 112 шаруашылығы қаржылай қолдауға ие болды. Берілген несиелердің жалпы сомасы 32 миллиард теңге. Келесі маусымның да табысты өтуі үшін шаруалар жеңілдетілген қаржыландыруға өтінім беріп жатыр.
СНХ: ӘНУАР ҚАЙЫРБЕКОВ, АГРАРЛЫҚ НЕСИЕ КОРПОРАЦИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 1 қазаннан бастап көктемгі егіс және күзгі орақ жұмыстарына арналған «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша ерте қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. Қазір 2,7 миллиард теңгеге өтінім түсті. Оның 1,2 миллиарды мақұлданды. Жалпы, 30-ға жуық қарыз алушы осы бағдарлама бойынша өтінім берді. Ерте қаржыландыру шаруаларға қаражатты уақытылы алуға, арзандатылған тауарлық-материалдық қорларды, жанар-жағармайды және тұқымды алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жұмыстарды мерзімінде жүргізіп, мол өнім алуға жағдай жасайды.
РКС: Шаруалар жеңілдетілген несие рәсімдеуді жалғастырып жатыр. Бұл тұқым мен тыңайтқышты алдын ала сатып алуға, сондай-ақ алдағы маусымға техниканы толық дайындауға мүмкіндік береді. Жалпы, биыл еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 1,5 триллион теңге бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ