Аймақта кәсіби білім беру саласындағы халықаралық тәжірибе алмасу қарқынды
ДИКТОР: Ақмола облысында техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық тәжірибе алмасу қарқын ала түскен. Осыдан бірер күн бұрын Беларусь елінің мамандары өңірлік шеберлермен тәжірибе алмасса, бүгін Өзбекстан делегациясы жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі меймандар өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмысымен танысып, WorldSkills халықаралық стандарттарын дамыту жөнінде тәжірибе жинақтауға ниетті.
РКС: Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев Өзбекстаннан келген делегация өкілдерімен кездесіп, қонақтарды жылы қабылдады. Кездесу барысында өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің даму бағыты, заманауи талаптарға сай маман даярлау мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, ел жастарының WorldSkills бағдарламасы бойынша жеткен жетістіктері көрші елдің назарынан тыс қалмады.
СНХ: ЖАСУР ҚАЙРАТОВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ ЖАНЫНДАҒЫ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ АГЕНТТІГІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 2026 жылы Қытайдың Шанхай қаласында өткен халықаралық чемпионатта Қазақстан құрамасының қола медальдар саны бойынша үшінші орын иеленуі, көрші елде кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған реформалардың нақты көрінісі. Бұл сапар тәжірибе алмасуға, алдағы уақытта бірлескен жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға жол ашады. Сонымен қатар, Қазақстан мен Өзбекстан арасында WorldSkills халықаралық чемпионаттары бағытындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісімдер жасалды. Бұдан бөлек, Орталық Азия елдері, атап айтқанда Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасында өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаттарын өткізу бастамасы да талқыланды.
РКС: Халықаралық әріптестіктің іргесі бұған дейін де қаланған. Осыдан біраз уақыт бұрын Шағалалы ауылындағы жоғары агротехникалық колледжінің мамандары Өзбекстанға арнайы сапармен барып, ондағы әріптестерімен жүздескен еді. Кездесу барысында қос елдің кәсіби білім беру саласындағы жетістіктері сараланып, озық тәжірибелері ортаға салынды.
СНХ: ШОҚАН ОРАЗАЛИН, ШАҒАЛАЛЫ ЖОҒАРЫ АГРОТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Ол жерде аграрлық сектордағы істейтін колледждер болды. Өзіміздің істеп жатқан жұмыстарымызбен бөлісіп, міне бүгін ол кісілерді өзіміз қарсы алып отырмыз. Бұл жерде WorldSkills бағдарламасы бойынша жұмыс істелетін болады. Өзіміздің жұмыстарымызбен бөлісеміз. 2 күн Ақмола облысының колледждерін аралап, содан кейін халықаралық деңгейде жұмыс істейтін боламыз.
РКС: Делегация мүшелерінің Қазақстандағы жұмыс сапары Астрахан ауданындағы Агробизнес және сервис колледжінен бастау алып, бүгін Көкшетауда жалғасты. Оларға Красный Яр ауылындағы көпсалалы инновациялық колледжінің жұмыс барысы, Көкшетау жоғары техникалық колледжінің материалдық-техникалық базасы мен оқу алаңдары таныстырылды. Ал ертең Өзбек елінің делегациясы Бурабай туристік аймағына жол тартпақ.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ