Есту қабілеті төмен ересектер «Ботай-Бурабай» музейін аралады
ДИКТОР: «Ботай-Бурабай» — энеолит дәуіріндегі көне Ботай мәдениетіне арналған ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық мұражай. Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында орналасқан кешенге Көкшетаудағы есту қабілеті төмен ересектерге инклюзия аясында тұңғыш рет экскурсия ұйымдастырылды. Басты мақсат - мүгедек жандарды қоғамға бейімдеп, олардың да өткен тарихпен танысуына мүмкіндік жасау.
РКС: «Ботай-Бурабай» — біздің заманымызға дейінгі IV–III мыңжылдықтарда Солтүстік Қазақстан аумағында өмір сүрген және әлемде алғаш рет жылқыны қолға үйреткен ежелгі Ботай мәдениетіне арналған ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық мұражай-қорық. Мұражай кешені облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы. Жалпы аумағы 25 мың шаршы метр, ал тұрғын үйлер ансамблі 600 шаршы метр жерді алып жатыр. Археолог Виктор Зайберттің жетекшілігімен жүргізілген ғылыми зерттеулер негізінде тұрғызылған кешен тереңдігі 1 метрлік қазан шұңқырлардан және бөрене, шым, мүк, жылқы терісімен қапталған күмбездерден тұрады. Барлық 7 баспана өзара жер асты дәліздері арқылы байланысқан.
СНХ: АСХАТ ОМАРОВ, «БОТАЙ-БУРАБАЙ» АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ МУЗЕЙІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Бұл жерге өзіміздің еліміздің азаматтары көп келеді және шетелден азаматтар келіп жатады. Туристер келеді. Дәл қазір осы жерде екі турист жүр Канададан. Келген азаматтарға біздің музей өте қызықты. Біздің музейдің мақсаты, негізгі жұмысы жинақтау, насихаттау. Қазақ жерінде дәл біздің өлкеде жылқыны қолға алғаш үйреткені дәлелденгеннен кейін осы жұмысты біз насихаттап жатырмыз.
РКС: Есту қабілеті төмен адамдар сурдоаудармашының көмегімен көне ботайлықтардың қоғамдық өмірі мен тұрмыс-салтынан сыр шертетін залды, қыш ыдыс жасау, сүйек пен тастан құрал-сайман өңдеу ісін көрсететін шеберхананы,ежелгі адамдардың күнделікті тынығу орны мен тұрмыстық жағдайы бейнеленген бөлмелерді аралап көріп, мәліметтермен қанықты. Тайпа көсемінің балауыз мүсіні орналасқан бөлме, ежелгі наным-сенімдер, діни жоралғылар мен бақсылық дәстүрлерге арналған зал да келушілердің қызығушылығын тудырды. Жылқыны қолға үйрету тарихы, ат әбзелдері және бие сүтінен қымыз ашыту мәдениетіне арналған экспозициялар да танымды арттырды.
СНХ: ОЛЕСЯ ПИСТУН,КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен ежелгі дүние тарихына бойлап, қатты таң қалдым, бізді осы жерге сурдоаудармашымен бірге алып келгені және бәрін түсіндіргені қызықты болды . Мен бәрі дәл осылай жақсы жасалғанын білген жоқпын. Солтүстік аймақта ежелгі тайпалар осылай өмір сүріп, жылқы өсіргеніне бұрын сенбеуші едім, қазір бәрі рас болғанына көзім жетті.
СНХ: НӘЗИРА ТӘШКЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ КІШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Ең бірінші мақсатымыз, ең бірінші есту қабілеті нашар, көру қабілеті нашар және аутизмі бар балаларға, жасөспірімдерге, осындай жақсы, рухани орындарда инклюзивті іс-шаралар өткізу. Біз бүгін экскурсиядан бастадық, ал әрі қарай бізде әр түрлі форматта іс-шаралар өтетін болады. ерекше жандар біздің еліміздің тарихына қол жетімді болатындай жоба ашып отырмын.
РКС: 2018 жылы ашылған «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық музейіне орта есеппен жылына 8 мыңнан 12 мыңға жуық адам келеді. Бұл көрсеткіш туристік маусымға және ұйымдастырылатын экскурсияларға байланысты өзгеріп отырады. Музейге қазақстандықтардан бөлек, АҚШ, Ресей және Еуропа елдерінен келетін шетелдік меймандар жиі келеді.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ