Негізгі Жаңалықтар 15 қараша - тамақ өнеркәсібі және өңдеу саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі

15 қараша - тамақ өнеркәсібі және өңдеу саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі


ДИКТОР: Осы жексенбіде тамақ өнеркәсібі және өңдеу саласының қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтеді. Қазақстандықтардың дастарқанында күн сайын балғын әрі сапалы өнімдердің болуы – осы сала мамандарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі.


РКС: Ғалия Есімова Көкшетаудағы сүт зауытының ұлттық өнімдер цехында жұмыс істейді. Сөзінше, соңғы уақытта дәстүрлі ұлттық тағамдарға деген сұраныс артып келеді. Тамақ өнеркәсібінің мамандары табиғи құрамының арқасында мұндай өнімдердің тағамдық құндылығы жоғары екенін және күнделікті тұтынуға өте қолайлы екенін айтады.


СНХ: ҒАЛИЯ ЕСІМОВА, ҰЛТТЫҚ ӨНІМДЕР ЦЕХЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Біз үшін ең бастысы – құрамында табиғи ингредиенттер бар пайдалы әрі сапалы өнім шығару. Өйткені тұтынушылардың дастарқанына қойылатын өнімді өндіреміз. Міндетіме қоспа дайындау да кіреді. Оны табиғи өнімдерді пайдаланып әзірлейміз. Құрамына сүзбе, ерітілген сары май, мейіз, қант және ванилин қосылады. Күнделікті тапсырыс көлеміне қарай 80-нен 130 келіге дейін қоспа өндіреміз. Қоспа – өте табиғи өнім.


РКС: Кәсіпорын Көкшетау қаласында 1965 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Зауыт сүт өнімдерін өңдеумен айналысады. Құрылған күннен бастап Ақмола облысының, елорданың және еліміздің өзге де өңірлерінің негізгі өнім жеткізушілерінің біріне айналған.


СНХ: ӘЛІБЕК МУРЕЕВ, СҮТ ЗАУЫТЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Бүкіл өндірістік циклді қамтитын компаниялар тобының бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Өзіміздің мал фермаларымыз, егістік алқаптарымыз, жем-шөп дайындайтын цехтарымыз және жеке автопаркіміз бар. Сондай-ақ, шикізатты тасымалдауды өз күшімізбен жүзеге асырамыз. Бұған қоса, тұтынушыларға жақындай түсуге мүмкіндік беретін жеке сауда желіміз жұмыс істейді.


РКС: Бүгінде зауытта бес өндірістік цех жұмыс істейді. Мұнда сүт өнімдерінің 50-ге жуық түрі шығарылады. Кәсіпорында тәулігіне 80 тоннадан астам сүт өңделеді. Шикізат қабылданған сәттен бастап дайын өнім шығарылғанға дейінгі барлық кезеңде сапа қатаң бақылауда болады.


СНХ: ЕРСАЙЫН ЖАҚСЫЛЫҚОВ, СҮТ ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Жауапкершілік өте жоғары. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етеміз. Бұл – ең басты міндет. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірісінің соңғы буыны саналамыз. Өйткені халықтан және сүт фермаларынан сатып алынған сүтті өңдейміз. Сүтті сауудан бастап, малды азықтандыру, сүтті жинау, тасымалдау, логистика және өңдеуге жеткізу кезеңдерінің барлығын бақылап отырамыз. Өндірістің әр сатысын жіті қадағалаймыз.


РКС: Өңірдің жергілікті өндірушілері ішкі және шетелдік нарықта бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп, экспорт көлемін біртіндеп арттырып келеді. Аймақтан өндірілетін сүт өнімдері, ұн, ет және өсімдік майлары табиғилығы мен жоғары сапасының белгісіне айналған. Зауыттарда технологтар, наубайшылар, ірімшік жасаушылар мен өндірістік желі операторлары шикізатты өңдеп, зертханаларда сапа сынақтарын жүргізеді. Осы мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында күн сайын әр қазақстандықтың дастарқанында сапалы әрі балғын азық-түлік өнімдері тұрады.


ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, НАИР ЗАХОВАЕВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу