Жүрекке сәуле сыйлаған руханият ордасына - 55 жыл
ДИКТОР: Кейде әлемнің сұлулығын көру үшін жанардың жарығы емес, жүректің сәулесі керек. Бүгін халықаралық зағиптар күні. Дәл осы датада Көкшетаудағы зағип және көру қабілеті нашар азаматтарға арналған кітапхананың құрылғанына 55 жыл толып отыр. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы руханияттың шамшырағына айналған мекеме мерейтойын ізгілікке толы мерекелік кешпен атап өтті.
РКС: Кітап-білім шырағы. Ал осы шырақты тұтатып, зағип жандардың жүрегіне сәулесін шашқан рухани мекен, жарты ғасырдан астам уақыт ерекше жандардың үміт отын өшірмей, білімнің қайнар көзінен сусындатып жүр. Бүгінде бұл кітапхананың 1 мыңнан астам оқырманы бар. Оған қоса, тұрақты оқырмандары денсаулықтың сыр бергеніне қарамастан, ауқымды додаларда жүлделі орындарды иеленіп жүр.
СНХ: ОРАЛ РАХИМОВ, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ: 2023 жылы Алматыда қазақ зағиптар қоғамы республика бойынша «Абай әлемі» деген конкурс ұйымдастырды. Соған біздің Ақмола облысы, Көкшетау қаласынан конкурстан жеңген кісі баратын болды. Мен жеңдім, мен баратын болдым. «Жастықтың оты қайдасың?» деген бар. әлгіні іздесек интернеттен таба алмаймыз. «Жастықтың оты қайдасың?» деген өлең жоқ. «Жастықтың оты жалындап» деген бар. Сосын осы кітапханаға келіп едім. 1 күннің ішінде тауып берді. Өлеңді жаттап, Алматыға бардым. 16 облыстың ішінде жүлделі орынға ие болып, мақтау қағазын алдым.
РКС: Кітапхана қоры жыл санап толығып келеді. Зағип жандарға қажетті кітаптардың сан түрі бар.
СНХ: ЖАДЫРА САҒЫНДЫҚОВА, ЗАҒИП ЖӘНЕ НАШАР КӨРЕТІН АЗАМАТТАРДЫҢ ҚАЛАЛЫҚ АРНАУЛЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Біздің кітапхана зағип және нашар көретін азаматтарға қызмет көрсетеді. Олардың арасында 1,2,3 топтағы зағип жандар, нашар көретін азаматтар мектеп оқушылары, студенттер барлығы осы кітапханамызға келеді. бізідің кітапхананың қоры 26 мың дана. Оның арасында арнайы әдебиеттер браин жүйесі бойынша жазылған әдебиеттер, нүкте бойынша жазылған әдебиеттер, дыбысталған және жайпақ беттегі әдебиеттер.
РКС: Жақсылықтың жасы, өнердің шекарасы жоқ. Мұны мерекелік кеште өнер көрсеткен жастар дәлелдеді. Олардың ән мен жырдан тарту еткен сыйы аға буынға деген құрметтің, адамгершілік пен жанашырлықтың, ізгі тілектің айқын көрінісі болды.
ИНТЕРШУМ:
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ