Негізгі Жаңалықтар Өңірдегі қылмыстың алдын алу шаралары талқыланды

Өңірдегі қылмыстың алдын алу шаралары талқыланды


ДИКТОР: Облыстық әкімдікте криминогенді ахуал мен құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары талқыланды. Аймақтың сегіз ауданында, сондай-ақ Көкшетау мен Қосшы қалаларындағы қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстар саны айтарлықтай өскен. Көшелерді жарықпен қамту әлі де әлсіз. Бейнебақылау камераларының тапшылығы және қараусыз қалған ғимараттар да шешімін таппаған мәселелердің қатарында. Бұдан бөлек, дәмханалар мен барлардың маңында қоғамдық тәртіптің бұзылуы да жалпы қауіпсіздік жағдайына кері әсер етуде. 

РКС: Ведомствоаралық комиссияның отырысында басты назар ойын-сауық орындарының маңындағы оқиғаларға аударылды. Жыл басынан бері Көкшетаудағы кей дәмханаларда полицейлер 52 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеген. Оның 9-ы аса ауыр қылмысқа жатады. Ең басты мәселе, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдердің бақылауынсыз жүрген жасөспірімдер жиі байқалады. Тәртіп сақшылары осындай 83 фактіні тіркеді. Дәмхана иелері өз нысандарында қажетті қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді, яғни кәсіби күзет өкілдерін жалдауға құлықсыз. 

СНХ: ЕРЖАН ҚОШҚАРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Ойын-сауық орындары құқық қорғау органдарының бақылауында болады, бұл жағдай іс жүзінде осы мекемелерге өз аумағында туындайтын мәселелерді шешу ауыртпалығын полицейлерге жүктеуге мүмкіндік береді. Ішімдік ішетін орындардың ішіндегі де, айналасындағы аумақтардағы да жедел жағдайды тұрақтандыру үшін полиция әр апта сайын бейсенбіден жексенбіге дейін қосымша патрульдік бөлімшелерді орналастырады. Іс жүзінде полиция қызметкерлері коммерциялық орындардың күзетшілері ретінде жұмыс істеуге мәжбүр, бұл оларды негізгі міндеттерінен-көшені патрульдеуден, қоғамдық орындарда заң мен тәртіпті сақтаудан алшақтатады. Дегенмен бизнес өкілдері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ортақ жауапкершілікте болуы тиіс. 

РКС: Отырыста көшелерде жасалатын қылмыстардың мәселесі де көтерілді. Қоғамдық орындардағы заң бұзушылық төмендегенмен, жекелеген кей аудандарда теріс үрдіс сақталған. Мысалы, Көкшетауда көшедегі қылмыс 140-тан 163 фактіге дейін өскен. Полицейлер Сүлейменов көшесіндегі велосипед жолағындағы учаскеде жарықтың және орталық саябақта бейнебақылау камерасының жоқтығына назар аударды. Тәртіп сақшылары бұл аумақтарда мониторинг үнемі жүргізіліп, қараусыз қалған ғимараттарға кіру жолдарын жабу қажеттігін еске салды.  

СНХ: АЛЕКСАНДР ГАРАЖА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Құқық бұзушылыққа әкеліп соқтыратын себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған шаралар, сондай-ақ қабылданған нақты шешімдерді, олардың орындалу деңгейін және жедел жағдайға тигізген нақты әсерін бағалау жұмыстары тиісті деңгейде емес.Мысалы, Көкшетау қаласында маскүнемдік пен отбасылық –тұрмыстық жанжалдың алдын алуды қарастырған екі отырыс өтті. Алайда денеге ауыр зақым келтіруді әлі де жоя алған жоқпыз. Мысалы, денеге зақым келтірудің өсу фактісі 15-тен 22-ге жеткен. Оның алтауы өліммен аяқталған.  

РКС: Ведомствоаралық комиссия мүшелері заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуде ашықтықтың басты фактор болып қала беретінін атап өтті. Атап айтқанда, цифрландыру, оның ішінде бейнебақылау және төтенше жағдайларға шұғыл ден қою шаралары қылмысты азайтуға тиімді ықпал етеді. Барлық көтерілген мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеп, қысқа мерзімде нақты ұсыныстар ұсынуды тапсырды.  

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ. 


Бөлісу