Негізгі Жаңалықтар Дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі талқыланды

Дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі талқыланды


ДИКТОР: Биыл аймақта дәрі-дәрмекпен қамтуға 25 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Қомақты қаржыға қарамастан, кейбір науқастар қажетті препараттарды уақытылы ала алмай жүр. Бұл әсіресе сирек кездесетін ауруға шалдыққан науқастар үшін аса өзекті. Дәрі-дәрмек жеткізудегі кідірістің себебі неде? Жауапты мекемелер мәселені қалай шешпек? Бұл мәселелер облыстық денсаулық сақтау басқармасының қатысуымен өткен жиында талқыланды.

РКС: Өңірде сирек кездесетін ауруға шалдыққан 2800-ден астам науқас бар. Оның 500-ге жуығы - бала. Бұл санаттағы тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтуға жалпы қаржының 35 пайыздан астамы жұмсалады. Биыл республикалық бюджеттен осы мақсатқа 6 млрд. теңге бөлінген. Қазірдің өзінде 4,5 млрд теңгеге 1400-ге жуық науқас қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылды. Ал жергілікті бюджеттен бөлінген 1 млрд. теңгеден астам қаржыға тағы 109 науқас қажетті препараттарын алды. Дегенмен, дәрі-дәрмекпен қамтуда бірқатар кедергі бар. Оның себебін жауапты басқарма өкілі былай деп түсіндірді.

СНХ: ДИАС САЙДАНҒАЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл тест-жолақшалар, антипсихотикалық препараттар мен сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған кейбір дәрілерді жеткізуде кідірістер болды. Клобазам сияқты препараттардың жоқтығына қатысты да тұрғындардан шағым түседі. Бұған қосымша өтінім беруге мүмкіндік болмауы себеп. Сондай-ақ ақпараттық жүйелердің жиі іркіліске ұшырауы емханаларда кезек пен адам тығыздығын туғызады. Өңірде бірыңғай дистрибьютордың жедел жеткізу қоймасының болмауы да мәселені күрделендіріп отыр.

РКС: Облыс бойынша 52 медициналық ұйым дәрі-дәрмекпен қамту жүйесіне қосылған. Оның 29-ы амбулаториялық деңгейде қызмет көрсетеді. Жауапты тарап өңірде дәрі-дәрмектің жүйелі тапшылығы жоқ екенін айтады.

СНХ: ЖАНАРБЕК ОМАРОВ, «СК-ФАРМАЦИЯ» СЕРІКТЕСТІГІ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ӨКІЛДІГІНІҢ БАСШЫСЫ: Біздің міндетіміз - медициналық ұйымдармен бірлесіп, диспансерлік есепте тұрған науқастарды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Жалпы, өңірде дәрі тапшылығы жоқ. Егер белгілі бір препарат жетіспесе, өтініш жеке қаралып, дәрі басқа медициналық ұйымнан немесе өзге өңірден жеткізіледі

РКС: Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге жеткізу мерзімін қатаң бақылап, науқастарды қажетті препараттармен дер кезінде қамту тапсырылды.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу