Негізгі Жаңалықтар Батыр Мәліктің рухына тағзым етілді

Батыр Мәліктің рухына тағзым етілді


ДИКТОР: 15 қараша қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлға, Кеңес Одағының Батыры, академик, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің туған күні. Биыл арда азаматтың туғанына 111 жыл толады. Даңқты жерлесіміздің құрметіне орталық саябақтағы ескерткішіне әскерилер, қоғам қайраткерлері жиналып, гүл шоқтарын қойды. 

РКС: Көкшетаудың орталығындағы Мәлік батырдың еңселі ескерткіші өзінің асқақ рухымен кезінде талай жауынгерді жігерлендіргенінен хабар береді. Көзі тірісінде майдан даласында ғана емес, бейбіт өмірде де талай қаракөз қазақтың баласына жанашырлық танытып, бауырына басып, қамқорлық көрсеткені белгілі. Бүгін де саябаққа жиналғандар батырдың өр тұлғасына тағзым етіп қана қоймай, адамгершілік қасиетіне де басын иді. 

Интершум: 

РКС: Көкшетаудағы құтқарушыларды дайындайтын Азаматтық қорғау академиясы батыр Мәліктің атында. Оның қабырғасында білім алып жатқан жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде ең алдымен бабалардың салып кеткен ізіне назар аударылады. Туған жердің әр сүйем жерін қорғау, халқының тыныштығын күзету, қауіп-қатерден аман алып қалу сияқты қызмет сапында жүргендер бәрін жүрегімен, түйсігімен қабылдап үйренген. Бүгінгі курсанттар-ертеңгі құтқарушылардың көтерер жүгі де жеңіл емес. 

СНХ: ЖҰМАБЕК ХАСЕНОВ, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Мәлік ағамыз тек қана батыр емес қазақ елінің, ол қазақ елінің нағыз мақтанышы. Жасөспірімдерге, студенттерге үлкен рухани тәрбие берген, жанашыр болған.солдаттарға да, сарбаздарға да, әкесіндей жанашыр болған еліміздің біртуар азаматы. Сол біртуар азаматтың қазір біздің Академия алып келе жатыр.сол кісінің атын алып жүру бізге парыз, үлкен құрмет.

СНХ: ШЫҢҒЫС СЛАМЖАН, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Мәлік батырдай біз үлкен тұлғаны құрметтеп,біз осы кісіден үлгі аламыз Мәлік батырдай үлкен азамат, батыр болу біз үшін арман десек те болады. Ондай батырлар қазір бізде аз, жүзден бірі десе де болады. Себебі ол кісінің рухы, жігері барлық кітаптарда, деректерде жақсы көрсетілген.Ер ерлігі ел есінде дейді ғой. Сондықтан батырлардың ерлігі біздің есімізде әрқашан қалатын болады.

РКС: «Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрігі» атанған Мәлік Ғабдуллинің салып кеткен сара да дара жолы жайында сөз алғандар соғыс жылдарында Панфилов дивизиясында көрсеткен ерлігі мен бейбіт заманда қазақ фольклоры мен әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі жайлы айтты. Оның қос қырлы таланты осы егіз теңеумен сипаттала бермек. 

СНХ: ДУАНБАЙ ЫБЫРАЙ, ОБЛЫСТЫҚ «АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІНІҢ ОДАҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Бұл жай ғана гүл шоқтарын қою рәсімі емес,1941-45 жылдардағы соғыста қайтыс болған ата-бабаларымыздың, әкелеріміздің төгілген қанын еске алу. 

РКС: Мәлік Ғабдуллинің батырлық рухы туған жерге деген шексіз махаббат пен биік адамгершіліктің көрінісі. Оның бойындағы өр рух, өжеттілік пен терең білім бүгінгі және болашақ жастар үшін мәңгілік өнеге болып қала береді. 

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу