Ауыл шаруашылығы – ел ырысы
ДИКТОР: Қара жердің төсін түлетіп, диқан еңбегін берекеге айналдырған ауыл шаруашылығы мамандарының еңбегі қашан да құрметке лайық. Қазақстанда қарашаның 3-ші жексенбісінде ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Бұл ел қамбасын астыққа толтырып, дастарқан молшылығын еселеп жүрген еңбек адамдарының мерекесі. Айтулы күн қарсаңында түсірілім тобы өңірдегі ірі агроөнеркәсіп кешенінің біріне барып, тынымсыз тіршіліктің тынысымен танысып қайтты.
РКС: Кәсіпорынның жетістігі ең алдымен, өз ісіне адал мамандардың маңдай терінің жемісі. Солардың бірі - Ғабиден Бралин. Аграрлық салада 30 жылға жуық тәжірибе жинақтаған. Ол еңбек жолын ауысым шебері болып бастап, кәсіби баспалдақтың барлық кезеңінен өткен. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен еселі еңбегі жоғары бағаланып, Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.
СНХ: ҒАБИДЕН БРАЛИН, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ: Ауылда тұрып жатқаннан кейін, негізгі айналысатын саламыз ауыл шаруашылығында. Осы кәсіпорында 30 жылға жуық жұмыс істеп келемін. Еңбек жолымды ауысым шебері болып бастадым. Кәсіпорындағы барлық сатыдан өттім десем болады. Сондықтан өндірістің әр кезеңін жақсы білемін. Әрине, қиындықтар да жоқ емес. Қазір барлық жерде кадр тапшылығы байқалады. Дегенмен біз оның шешімін табуға тырысамыз. Жаңа мамандарды тартып, жастардың осы салаға деген қызығушылығын арттыруға көңіл бөлеміз.
РКС: Өндіріс тізбегіндегі жауапты буынның бірі кәсіпорынның сертификатталған зертханасы. Мұнда әрбір астық партиясының сапасы жіті тексеріліп, көрсеткіштеріне қарай сақтау орындарына жөнелтіледі. Биыл жиналған өнімнің барлығы Hi Pro жоғары сапа стандартына сәйкес келеді. Бұл зертхана мамандарының мұқият жұмысы мен кәсіби біліктілігінің нәтижесі. Алла Кравченко осы зертханада 16 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Ол үшін бұл мамандық өмірлік таңдау.
СНХ: АЛЛА КРАВЧЕНКО, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ТАМАҚ ӨНІМДЕРІН ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Осы салада еңбек етіп жүргеніме 40 жылдан асты. Кәсіби жолымды 19 жасымда бастадым. Алғашында зертханашы, сынама алушы болып жұмыс істедім. Кейін элеваторда технолог қызметін атқардым. Ал зертхана ашылған кезде бөлім меңгерушісі болып тағайындалдым. Жалпы, саналы ғұмырымның басым бөлігі осы мамандықпен тығыз байланысты. Өз жұмысымды жақсы көремін. Осы кәсіпті таңдағаныма шын жүректен қуанамын.
РКС: Заманауи зауыттар мен алып элеваторлар өндірістің сыртқы келбеті ғана. Оның шынайы қуаты өз ісін жетік меңгерген еңбек адамдарының қолында. Бірі астықтың сапасын сараласа, енді бірі өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Тәжірибе мен жауапкершілікті ту еткен осындай мамандардың арқасында кәсіпорын тұрақты дамып, отандық өнімнің сапасы артып келеді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ