15 қараша – Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге күні
ДИКТОР: 15 қараша – Ұлттық валюта күні. Биыл төл теңгеміздің айналымға енгеніне 33 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ұлттық валюта талай өзгерісті бастан өткеріп, заман талабына сай жаңарды. Бүгінде ол – еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің басты нышанының бірі. Жылдармен бірге жаңарып, заман талабына сай түрленген теңгенің бүгінгі келбеті қандай? Тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.
РКС: Ұлттық Банк 2023 жылдан бастап «Сақ стилі» негізіндегі жаңа банкноттар сериясын айналымға енгізуде. Бүгінде номиналы 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік купюралар қолданыста. Серияның соңғы үлгісі саналатын 20 мың теңгелік купюраны да айналымға енгізу жоспарлануда. Жаңа ақша белгілерінде тарихи жәдігерлер мен ұлттық ою-өрнектер көрініс тауып, заманауи қорғаныс технологиялары қолданылған. Сонымен қатар, азаматтарға алтынды онлайн сатып алып, жинақтауға мүмкіндік беретін Gold Coin цифрлық жобасы іске қосылды.
СНХ: ДАНИЯР АХМЕТЖАНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ АҚМОЛА ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Сонымен қатар, Ұлтык Банкі инвестициялык монетаның цифрлық баламасы – Gold Coin жобасын іске қосты. Жаңа инвестициялық құралын «Тabys» мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады. Gold Coin жобасының мақсаты – цифрлық экономика мен заманауи технология жағдайында Қазакстан азаматтарына капиталды инвестициялау мен жинақтаудың балама көзін ұсыну. Бір Gold Coin бірлігі алтынның жиырмадан бір (1/20) бөлігі троя унциясына тең. Пайдаланушылар онлайн режимінде Gold Coin сатып ала алады, сата жене сыйға тарта алады. Сонымен қатар, жиырма эквивалент (бірлік) Gold Coin жинақталған кезде оларды Ұлттык Банктің аумақтық филиалдарында «ÚKI» алтын инвестициялық монетасына айырбастауға болады.
Қаржы саласы мамандарының кәсіби мерекесі
РКС: Ұлттық валютаның қалыптасуы мен қаржы жүйесінің дамуы осы сала мамандарының еңбегімен тығыз байланысты. Шаһардағы жоғары оқу орындарының бірінде экономиканың түрлі бағыттары бойынша кадрлар даярланады. Бүгінде кафедрада 600-ге жуық студент білім алып, болашақта қаржы, банк ісі және басқа да экономикалық салада еңбек етуге дайындалып жатыр.
СНХ: АЙМАН ҚҰСАЙЫНОВА, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Түлектеріміз еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Жұмысқа орналасу көрсеткіші 100 процентке жуық. Көпшілігі басшылық лауазымдарда еңбек етіп жатыр. Бұл – профессор-оқытушылар құрамының еселі еңбегінің нәтижесі. 2023 жылдан бастап бакалавриат бағдарламасымен қатар магистратураның екі білім беру бағдарламасы іске қосылды. Ол негізінен жұмыс берушілердің сұранысы бойынша әзірленді.
РКС: Банк саласының цифрлануы мамандарға қойылатын талаптарды да жаңаша қалыптастыруда. Қаржыгерлер банк операцияларын меңгерумен қатар, қаржылық талдау жүргізу, инвестициялық құралдарды тиімді пайдалану мен заманауи технологиялармен жұмыс істеу қабілеті игеруі қажет. Сондықтан университетте білім алушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға басымдық беріледі.
СНХ: АРАЙ КЕНЖЕБОЛАТ, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Қаржы мамандығын таңдаған себебім мен өзім экономика саласына өте қатты қызығамын. Бүгінгі таңда қаржы саласы өте қарқынды даму үстінде. Мен өзімді осы қаржы саласында болашақта өте жоғары маман боламын деп ойлаймын, соған еңбек етудемін. Қаржы саласын тек қана оқып қана қоймай, өз мемлекетіме де көмектесемін деген сенімдемін.
РКС: Жоғары оқу орнында қаржылық сауаттылықты арттыруға да ерекше мән беріледі. Экономикалық емес мамандықтардың студенттеріне «Қаржылық сауаттылық негіздері» курсы оқытылады. 55 жастан асқан азаматтар «Күміс университет» жобасы аясында қаржыны тиімді басқарудың жолдарын меңгереді. Бұдан бөлек, «Қаржылық мәдениет» курсы да бар.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ