Негізгі Жаңалықтар Мемлекеттік қолдау – кәсіпке бастар жол

Мемлекеттік қолдау – кәсіпке бастар жол


ДИКТОР: Мүгедектігі бар адамдарға өз ісін ашуға, жабдықтар сатып алуға және жұмыс орындарын жасауға мемлекеттік қолдау бар. Жас кәсіпкерлер бұл бастаманың игілігін көруде. Бірі 3D модельдеу және бөлшектер жасаумен айналысса, тағы бірі бизнесті спорттық мансаппен біріктіреді. Грант және жұмыспен қамту бағдарламалары оларға өз ісін дамытуға қолдау болуда. 

РКС: «Бірлік» мүгедектігі бар адамдардың облыстық одағында жұмысқа орналасу және кәсіпкерлік бастамаларды дамыту үшін жағдай жасалған. Мұнда жастар кәсіби дағдыларға ие болып қана қоймай, өздерінің бизнес-жобаларын да жүзеге асырады. Олардың бірі - Никита Карпинский. Ол 22 жаста. Жас кәсіпкер бөлшектерді жобалайды, сондай-ақ 3D-технологиялардың көмегімен түрлі бұйымдар жасаумен айналысады.

СНХ: НИКИТА КАРПИНСКИЙ, КӘСІПКЕР: Мен жеке кәсіпкер ретінде биыл мемлекеттен кәсіпкерлерді қолдау бойынша бір миллион жеті жүз отыз мың теңге грант алдым. Осы жабдықты сатып алып, қазір ұжыммен бірге жұмыс істеймін. Бастапқыда осында төрағамыз Рамазан Мұқатаевтың айтуымен келдім. Маған сеніп, жағдай жасағанына ризамын. Кез келген адам қалаған нәрсесіне қол жеткізе алады, мүмкіндік әрқашан да бар. Инватакси қызметін күн сайын пайдаланамын. Таңғы сағат 10-да осында келдім. Мен автомобильдерге, кілттерге арналған әр түрлі бөлшектерді қалпына келтірумен, жобалаумен айналысамын. Маған суретін көрсетеді, мен 3D моделін қайта жасауға тырысамын.

РКС: Кәсіпкер өндірісті одан әрі дамытуды, қызметтер тізбесін кеңейтуді және кәсіби дағдыларын жетілдіруді жоспарлап отыр. Ісін өз бетінше ұйымдастыруға және идеяларды іске асыруға толық мүмкіндік бар дейді. Ал Константин Нохрин кәсіпкерлікті 2023 жылы бастаған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өз ісін бастаған. Мансап орталығы арқылы ол мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын ашу бағдарламасын пайдаланды. Сонымен қатар, бизнесті дамытуға грант алды. Бүгінде Константин кәсіпкерлікті спорттық мансаппен біріктіреді. Үстел теннисімен айналысады, Қазақстан чемпионы атанып, спорт шеберінің нормативін орындаған. 

СНХ: КОНСТАНТИН НОХРИН, КӘСІПКЕР: Жұптық үстел теннисімен айналысамын. Алты жыл ішінде Қазақстан чемпионы атандым. 2023 жылдан бері кәсіпкерлік қызметті де жүргіземін. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде гранд алып, жеке кәсіпкерлікпен жұмыс орындарын аштым.

РКС: Константин мемлекеттік қолдауды бизнесті дамытуға ғана емес, жұмыс орындарын ашу үшін де пайдаланады. Оның жалақысына жұмсалатын шығындардың бір бөлігін мемлекет жұмыс орындарын субсидиялау бағдарламасы шеңберінде өтейді. Кәсіпкердің жоспарында - істі кеңейту және жаңа спорттық жетістіктер тұр. Шетелдік жарыстарға қатысу үшін дайындық жұмыстарын да жүргізеді. Мемлекеттік гранттар мен жұмыспен қамту бағдарламалары мүгедектігі бар жастардың қаржылық жағынан тәуелсіз болуына, өз ісін дамытуға және кәсіби әлеуетін іске асыруға көмектеседі.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу