Аймақта мал соятын жаңа цех ашылды
ДИКТОР: Ақмола облысында мал шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Аймақ мал басын көбейтумен қатар, өндірістік циклды толық бақылауда ұстауға талпынуда. Сапалы жемшөптен бастап, дүкен сөрелеріндегі премиум өнімге дейінгі барлық кезеңді қамтуды мақсат етіп отыр.
РКС: Астрахан ауданындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының біріне қарасты мал бордақылау алаңында 800 басқа жуық ірі қара мал бар. Бұл кәсіпорын ресми түрде асыл тұқымды шаруашылығы мәртебесін алған. Сонымен бірге қазақтың ақбас тұқымы палатасының мүшесі.
СНХ: ҚАЗБЕК АБАТОВ, БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Мал бордақылау алаңында қазақтың ақ бас тұқымды және голштейн-фриз тұқымды ірі қара малдары бағылады. Біз мал азығын өзіміз дайындаймыз. Биыл 2500 тонна шырынды, 1500 тонна құрғақ және 1000 тонна бидай жемін әзірледік. Бұл мөлшер барлық бордақылау кезеңіне толық жетеді. Бұрын етті өңдеу кәсіпорындарына өткізетін едік, қазір өзіміздің мал сою пунктімізді салып алдық.
РКС: Жаңа мал сою кешені қауіпсіз, жоғары сапалы және терең өңделген өнімдерді шығаруға толықтай бағытталған. Кәсіпорын ең озық үлгідегі сою желісімен және акридеттелген жеке зертханамен жабдықталған.
СНХ: ДӘУЛЕТ РАҚЫМЖАНОВ, ЕТ ӨҢДЕУ ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕР: Біз негізінен етті сүйегінен ажыратып, ірі және орташа кесектерге бөлуге бағытталған американдық әдісті қолданамыз. Вакуумдық қаптамаға салынған бұл өнімдер Астанадағы мейрамханаларға, сондай-ақ біздің жеке фирмалық сауда нүктелеріміз бен дүкендерімізге жеткізіледі. Бұдан бөлек, біздің кәсіпорында етті толық өңдеу процесі жүзеге асырылады. Мұнда өнімдер вакуумдалып қапталады және ысталып, түрлі ет деликатестері дайындалады. Жоспарланған өндіріс көлемі — жылына 25 тонна.
РКС: Мұндай жобалар өңірде ет өнеркәсібінің кешенді кластерін қалыптастырудың негізі. Аймақтың стратегиялық мақсаты асыл тұқымды мал өсіру мен бордақылаудан бастап, оны терең өңдеуге және дайын өнім шығаруға дейінгі циклды жүйені құру. Осы саланы дамытуға 400 млрд. теңгеге дейін инвестиция тартылады. Бұл шамамен 9, мың жұмыс орнын ашуға және жаңа 6 сүт фермасын салуға мүмкіндік береді.
КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ