Негізгі Жаңалықтар «Оқжетпес» - «Әлия»: 3-0

«Оқжетпес» - «Әлия»: 3-0


ДИКТОР: Кеше волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының 1-ші туры өз мәресіне жетті. Жарысқа 9 құрама қатысты. «Оқжетпес» командасы соңғы ойынын Хромтау қаласының «Әлия» командасына қарсы өткізді. Матчтың барысын тілшіміз Евгений Варанкин тамашалап қайтты.

РКС: Бірінші турдың қорытынды ойыны тартысты әрі қызықты өтті. Алғашқы партияда есепті Хромтау командасы ашты. Алайда көкшетаулықтар ойынды өз қолдарына алып, сетті 25:17 есебімен аяқтады. Екінші сетте де «Оқжетпес» қарқынын бәсеңдетпей, белсенді ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде, бұл партияны 25:14 есебімен өз пайдасына шешті. Ал үшінші сетте де көкшетаулықтар қарсыластарынан басым түсіп, 25:13 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, «Оқжетпес» командасы кездесуді 3:0 есебімен аяқтады.

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: МАРИЯ ГАРДЕР, «ОҚЖЕТПЕС» ВОЛЕЙБОЛ КОМАНДАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ: Көңіл күйіміз керемет. Жаттықтырушының тапсырмасын орындауға тырыстық. Бір ойында жеңіліп қалдық. Дегенмен, қалған кездесулердің барлығында жеңіске жеттік. Меніңше, бірінші турды жақсы деңгейде өткіздік. Қарсыластардың барлығы өте мықты. Ешбір команданы бағаламауға болмайды. Бәрі де мықты, ойындар оңай болған жоқ. Әр кездесуге үлкен жауапкершілікпен қарадық. Әрине, жетінші ойынға қарай аздап шаршай бастадық. Соған қарамастан, мінез танытып, эмоциямен ойнадық.

РКС: Чемпионаттың 1-ші турының қорытындысы бойынша көкшетаулық «Оқжетпес» командасы 18 ұпаймен бірінші орынға жайғасты. Тур барысында ойыншылары Мария Гардер мен Әмина Сәулебаева команданың жеңісіне елеулі үлес қосқаны үшін үздік ойыншы деп танылып, арнайы марапатқа ие болды.

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: ТИМУР ЖАРЛАҒАСОВ, «ОҚЖЕТПЕС» ВОЛЕЙБОЛ КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: Жанкүйерлердің осындай қолдауы ойыншыларға күш береді, алаңда ойнау да жеңілдей түседі. Оның үстіне, бұл – жаңа маусымның алғашқы туры. Біз жеті ойын өткіздік. Соның алтауында жеңіске жеттік. Жалпы тур қорытындысы бойынша бірінші орынға шықтық. Күш-қуаты жағынан үздік төрт команда анықталды. Енді қай команданың қандай деңгейде екенін білеміз, барлық қарсыластарымыздың мүмкіндігін көрдік. Алдағы уақытта келесі турға дайындықты бастаймыз.

РКС: Осылайша, Қазақстан чемпионатының бірінші турын сәтті аяқтаған көкшетаулық «Оқжетпес» командасы турнирлік кестеде 18 ұпаймен көш бастады. Көкшетаулықтар өздерінің жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Енді «Оқжетпес» желтоқсан айында Орал қаласында өтетін чемпионаттың екінші турына дайындықты бастайды. Алдағы турда да команда көшбасшылық орнын сақтап, жеңісті жолын жалғастыруды көздейді.


ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу