Негізгі Жаңалықтар Адалдық – адамгершіліктің алтын қағидасы

Адалдық – адамгершіліктің алтын қағидасы


ДИКТОР: Көкшетауда «Адал ұрпақ» тұжырымдамасы аясында мектеп оқушылары арасында форум өтті. Жиынның басты мақсаты – жас буынның бойына адалдық пен әділдік қасиеттерін сіңіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың жауапкершілігін арттырып, ел болашағына бейжай қарамайтын азамат етіп тәрбиелеу.

РКС: Болашақтың берік іргетасы – бүгінгі ұрпақтың тәрбиесінде. Осыны негізге алған ұйымдастырушылар форум барысында оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізер кері әсерін түсіндірді. Алдымен жастар назарына өмірлік түрлі жағдайларды бейнелейтін шағын бейнероликтер ұсынылды. Онда жемқорлықтың қарапайым немқұрайлылық пен әділетсіздіктен басталуы мүмкін екені көрсетілді. 

СНХ: НҰРҚАТ БАТЫРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Мынау біздің бүгін жүргізіп жатқан іс-шарамыз Қазақстан Республикасы Президентінің «Адал азамат» тұжырымдамасынан алынған. Жас ұрпақты адалдыққа, мәдениетке және тазалыққа тәрбиелеу. Көкшетау қаласындағы оқушылар арасындағы форумда қазірде болашақта да тек әділдікке, тазалыққа бастау. Оны кең көлемде насихаттау.

РКС: Форумға облыс орталығындағы бірнеше білім ордасынан жеті команда қатысты. Жас қатысушылар өзара білім мен тапқырлық сынға түскен бірнеше кезеңнен өтіп, адалдық, әділдік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыптарында викториналық сұрақтарға жауап берді. Әр тапсырма оқушылардың білімін ғана емес, азаматтық ұстанымы мен ой ұшқырлығын да саралады.

СНХ: НҰРЛЫБЕК СЕЙІЛБЕК, № 21 МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ: Өзім болашақта қаржыға оқуға түскім келеді. Экономист, қаржыгер не банк қызметкері болғым келеді. Өз елімізге адал елінің болашағын ойлайтын азамат болғым келеді.

РКС: Жас ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіріп, әділ қоғам қалыптастыруға үлес қосу – баршаның ортақ міндеті. Форум қорытындысында белсенділік танытып, білімдері мен озық ойларын ортаға салған үздік командалар дипломдармен марапатталды. 

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу