Жабайы аңдарды құтырудан қорғау жұмыстары жүргізілуде
ДИКТОР: Жыл сайын аңшылық шаруашылығының мамандары ветеринарлармен бірлесіп, жабайы аңдар арасында құтыру ауруының алдын алу шараларын жүргізеді. Бұл жұмыс жабайы жануарлардың денсаулығын қорғап қана қоймай, қауіпті инфекцияның үй жануарлары мен малға таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.
РКС: Құтыруға қарсы вакцина салынған жемтіктерді жыртқыш аңдар мекендейтін аумақтарға орналастыру жұмыстары қараша айында басталып, келер жылдың наурызына дейін жалғасады. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта түлкі мен қарсақтың көбеюіне байланысты мұндай шаралардың маңызы арта түскен. Өйткені жабайы жыртқыштар кейде елді мекендерге де жақындайды.
СНХ: ГҮЛНӘР СҮЛЕЙМЕНОВА, БҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ПУНКТІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Қазір жыртқыш аңдар арасында құтыру ауруының алдын алуға арналған вакцинасы бар жемтіктерді орнатып жатырмыз. Соңғы уақытта түлкі мен қарсақ көбейіп кетті. Олар ауыл шаруашылығы жануарларына қауіп төндіреді. Сондықтан қорықшылар қызметімен бірлесіп, вакцина салынған жемтіктерді арнайы орындарға орналастырамыз. Науқан қараша айынан басталып, көктемге дейін, яғни наурыз айына дейін жалғасады. Оның нәтижесі жақсы. Қазір түлкі мен қарсақ өте көп. Тіпті елді мекендердің маңына дейін келіп жүр. Өзіміз де бірнеше рет байқадық.
РКС: Вакцина салынған арнайы брикеттер аңшылық шаруашылығының аумағына, бірнеше елді мекендер аумағында аң-құс мекендейтін жерлерге қойылады. Бұл жұмыстар жануарлардың табиғи тіршілік ортасын ескере отырып жүргізіледі.
СНХ: ДМИТРИЙ ЯСТРЕМСКИЙ, АУДАНАРАЛЫҚ ҚОРЫҚШЫЛАР МЕН БАЛЫҚШЫЛАР ҚОҒАМЫ КӨКШЕТАУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АҒА ҚОРЫҚШЫСЫ: Түлкі мен қарсаққа құтыру ауруына қарсы вакцинасы бар брикеттерді орналастырамыз. Бұл жұмыстар Көкшетау аңшылық шаруашылығының, Баратай мен Туполевка аумақтарында жүргізіледі. Жабайы жануарлардың шағылысу кезеңі басталған кезде де бұл шаралардың маңызы зор. Негізгі мақсат – жабайы аңдардың ауруға шалдығуына жол бермеу және инфекцияның үй жануарлары мен ауыл шаруашылығы малына таралуының алдын алу.
РКС: Мамандар жабайы аңдарды вакцинациялау құтыру ауруының таралу қаупін азайтатынын айтады. Алайда бұл ретте үй жануарларын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Ит пен мысықты уақытылы вакциналау және олардың жабайы аңдармен байланысына жол бермеу – аурудың алдын алудың маңызды шаралары.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ