Облыс диқандары егіс науқанына дайындықты бастады
ДИКТОР: Ақмола облысының диқаншылары алдағы егіс науқанына дайындықты ерте бастап кетті. Маусымаралық кезеңде шаруалар техниканы жөндеп, тұқым қорын жасақтап, егістік алқаптарын өңдеуде. Сонымен қатар, олар мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындап, жеңілдетілген несие алуға жаңа өтінімдер тапсырып жатыр. «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 3 миллиард теңгеге жуықтайтын 30-дан астам өтінім келіп түсті.
РКС: Қорғалжын ауданындағы серіктестік жыл сайын 2 мың гектар алқапқа бидай егеді. Сондай-ақ, олар арпа мен мал азығы дақылдарын өсіреді. Былтыр суармалы жерлерде рапс өсіруді қолға алды. Мұндай тәсіл ауа райы жағдайларына қарамастан, жоғары сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Болашақта озық ауыл шаруашылығы технологиялары қолданылатын жер көлемін 140-тан 800 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
СНХ: СӘБИТ АХАНОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: /ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫ/: Қазіргі заманауи техникалар бойынша бізде мынау суармалымызда ғарыштан телефонмен басқарамыз бәрін. Сосын мына жерде жердің ылғалдығын, бәрін көрсетіп тұрады. Жасанды интеллект дейді ғой, қазір Елбасымыз айтады ғой, соған көшіріңіздер деп. Сол мына жүріп атқан техникаларымызда авторуль, өзі басқарып етеді. Механизаторға өте жеңіл. Үкімет жағынан көмек беріліп отыр.
РКС: Жақсы ауданындағы шаруашылық биыл орақ науқанын облыстық көрсеткіштен жоғары өнімділікпен аяқтады. Гектарына 15 центнерден артық жинады. Несие бойынша қарыздарынан құтылып, келесі егіс науқанына дайындықты бастап кетті.
СНХ: МАРИНА ОЛЕНЕВИЧ, СЕРІКТЕСТІК ӨКІЛІ: (ЖАҚСЫ АУДАНЫ): Қазір 2500 гектар алқапта күзгі жырту жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ жақын арада біз ГОСАГРО сайты арқылы субсидияланатын жанар-жағармайға, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге өтінім беретін боламыз. Сонымен қатар, биыл бірнеше ауыл шаруашылығы техникасын алып, астық кептіргіш орнаттық. Автопаркіміз егін жинайтын комбайндар, тырмалар, тракторлармен толықтырылды.
РКС: 2027 жылғы көктемгі егіс науқанына 38 мың ауыл шаруашылығы техникасы қолданылады. Қазір аграрийлердің алдында тұрған басты міндет дала жұмыстары басталғанға дейін техника мен трактор паркін толық дайындау. Сондай-ақ шаруаларды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету шаралары қолға алынып жатыр. Алдын ала есептеулер бойынша 520 мың тонна қажет. Көктемгі егіс науқанына дайындық аясында 540 мың тонна тұқым қамбаға жиналды. Бұл жеткілікті мөлшер. Қазір тұқымды тазарту, өңдеу және сапасын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
СНХ: БАҚЫТ КЕНЖЕҒУЗИНОВА, «ҚАЗАҚСТАН АГРАРЛЫҚ САРАПТАМАСЫ» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ: Біз тұқымдарды қабылдап алып, олардың өну қабілетін тексеру үшін алдын ала талдау жүргіземіз. Сондай-ақ, біз олардың өну қуаты мен ылғалдылық деңгейін бағалаймыз. Тұқымдар тоңазытқышта 5 күн бойы алдын ала салқындату кезеңінен өтеді. Одан кейін олар инкубаторға ауыстырылып, онда 20 градус температурада тағы екі күн тұрады.
РКС: Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, келер жылғы көктемгі егіске дайындық жұмыстары жоспарға сай басталды. Қазір агротехникалық және ұйымдастыру шараларын өткізуге барлық жағдай жасалған. Келесі жылы диқаншылар 5 млн 600 мың гектар жерге дән сіңірмек.
СНХ: РЕНАТ ҚАСЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары 4,5 млн гектар, майлы дақылдар 838 мың гектар, мал-азық дақылдары 297 мың гектар, қартоп 9,7 мың гектар, көкөніс дақылдары 1,6 мың гектарды құрайды. Бүгінгі таңда облыстың ауыл шаруашылығын тауар өндірушілері шамамен 1,5 млн гектар алқапта күзгі сүдігер жыртуды жұмыстарын жүргізді. Бұл жоспарланған 1,2 млн гектардың 125 пайызын құрайды. Сонымен қатар, 692 мың гектар сүрі жер өнделіп, жоспарлы көрсеткіш 100 пайыз орындалды.
РКС: Мамандар жүргізіліп жатқан агротехникалық шаралар топырақтағы ылғалды сақтап, алқаптарды арам шөптен қорғайды. Сонымен қатар дәнді-дақылдардың біркелкі өсуіне ықпал етеді деп отыр. Мемлекеттің қолдауының арқасында диқандар алдағы егіс науқанына уақытында дайындалып, жұмыстарды сапалы және мерзімінде жүргізбек.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ