Ірі дүкендердің сөрелерінде отандық өнімдер көбейеді
ДИКТОР: Көкшетауда бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте отандық өндірісті дамыту мәселелері талқыланды. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында ұйымдастырылған кездесуде кәсіпкерлер мен сала өкілдері өзекті мәселелерді ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Жиын аясында республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Republic Day» және «Bereke Fest» акцияларына белсенді қолдау көрсеткен бірқатар сауда нысаны арнайы марапатқа ие болды.
РКС: Кездесу Сауда және интеграция министрлігінің тапсырмасы аясында ұйымдастырылды. Жиында басты назар сауда сөрелеріндегі орын мәселесіне аударылды. Енді елімізде өндірілетін отандық тауарларға сауда сөрелерінен белгілі бір пайыздық үлес бөлінбек. Бұл тұтынушыларға қазақстандық өнімдерге еш кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік береді. Аталған бастаманы жүзеге асыру үшін сауда желілеріне арналған арнайы алаң құрылды.
СНХ: НАДЕЖДА ГРОШИКОВА, САУДА ЖЕЛІСІНІҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: Бізге арнайы сайт арқылы өтінім беруге мүмкіндік жасалды. Бұл платформада Қазақстанның барлық тауар өндірушілері тіркелген. Мәселен, белгілі бір тауар санатында, айталық, ірімшік өнімдері бойынша қазақстандық өндірушілер жетіспесе, осы платформа арқылы өтінім жолдап, олармен әріптестік орнатуға болады. Алайда кейбір отандық өндірушілер Ақмола облысынан шалғай орналасқан. Олармен тікелей әріптестік орнату үшін өндіріс көлемін арттыру қажеттілігі туындайды. Осы мәселені ескере отырып, жергілікті жеткізушілерді де тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсындық. Яғни сауда желілері өнімді өндірушілерден тікелей сатып алумен шектелмей, жергілікті жеткізушілер арқылы да тауар тасымалдауды ұйымдастыра алады. Бұл өз кезегінде отандық өнімдердің дүкен сөрелеріне тезірек жетуіне мүмкіндік береді.
РКС: Кездесу барысында сауда орындарындағы брендтер мен тауарлар ассортиментін кеңейту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың өкілдері отандық өнімдерді Ақмола облысының аудандарына жеткізу тетіктерін жетілдіруге және қазақстандық тауарлардың шетелдік өнімдермен бәсекеге түсуіне қажетті жағдай жасауға ықпал ететіндерін атап өтті.
СНХ: САМАТ САЙДАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазақстандық тауар өндірушілер өз өнімдерін еліміздегі дүкендер мен супермаркеттердің сөрелеріне орналастыру үшін қажетті қаржыны өз бетінше іздеуге мәжбүр болмауы тиіс. Керісінше, олардың сауда орындарынан тұрақты орын алып, өз өнімдерін кеңінен ұсынуына мүмкіндік жасалуы қажет. Бұл талап аумағы 100 шаршы метрден аспайтын «Үй жанындағы» дүкендерді қоспағанда, барлық сауда желілеріне қатысты. Сондай-ақ отандық өндірушілердің өнімдерін жергілікті дүкен сөрелеріне тікелей орналастыруына жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс.
РКС: Кездесу соңында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Сауда саласының дамуына елеулі үлес қосып, Республика күніне арналған республикалық акцияларға белсене атсалысқан сауда үйлері мен супермаркеттер желісінің өкілдеріне Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің атынан алғыс хаттар табысталды.
ИНТЕРШУМ:
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ