Негізгі Жаңалықтар Ауыл мектебінің оқушылары заманауи технологияларды қолданады

Ауыл мектебінің оқушылары заманауи технологияларды қолданады


ДИКТОР: Егіндікөл ауылының №1 орта мектебінде жалпы білім беретін пәндер заманауи технологияларды қолдану арқылы оқытылады. Арнайы оқу алаңдарында оқушылар математика, физика, химия, биология және информатика сабақтарын меңгеріп қана қоймай, түрлі пәндер бойынша алған білімдерін ұштастыра отырып, өз жобаларын әзірлейді.

РКС: STEM-кабинетте оқушылар теориялық білімді меңгеріп қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде қолдана алады. Жасанды интеллект көмегімен мектеп оқушылары химия және математика пәндеріне арналған білім беру платформаларын әзірлесе, информатика сабақтарында «Ақылды үй» жобасы секілді жұмыстарды жүзеге асырады. Сонымен қатар балалар виртуалды шындық көзілдіріктерін пайдалану мүмкіндігіне ие.

СНХ: ДАНИЯЛ РАМАЗАН, №1 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ: Маған ақылды үй проекті ұнайды, өйткені ақылды үй проекті кейбір үйлерде жоқ, сол үшін мен ақылды үй проектін дамыта бергім келеді. Мысалы, біз осы ақылды үйді біз көптеген оның заттары арқылы, жұмыстары арқылы істедік ағаймен. Мысалы, біреуі сервомотор тақта арқылы, плата тақтасы арқылы істедік. Көкшетауда Назарбаев зияткерлік мектебінде бұл ақылды үйді көрсеткенбіз, біз енді бұның үлкен форматына көшейін дегенбіз, ары қарай осы үйді дамыта бергіміз келеді.

СНХ: АЙАРУ МЫҢЖАСАР, №1 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ: Бұл лаборатория өте тиімді. Біз онда VR очкимен де қарай аламыз. VR-очкимен қарағандықтан ол өте сапалы качествода көрінеді. Сондықтан бұл лабораторияның өзінің артықшылықтары бар. Сен үйде отырып өзіңнің проекттеріңді жасай аласың. Жаңа проектер аша аласың, бұл лабораторияда интернетсіз жұмыс жасағандықтан бұл өте тиімді болады.

РКС: Педагогтардың сөзінше, заманауи технологияларды қолдану оқу үдерісін көрнекі әрі қолжетімді етеді. Оқушылар сабаққа қызығушылықпен қатысып, жаңа тақырыптарды ықыласпен меңгереді және өз бастамаларын ұсынады. Өз бетінше жоба әзірлеу, тәжірибе жасау және жұмысының нәтижесін бірден көру мүмкіндігі оқу материалын тереңірек түсінуге көмектеседі.


СНХ: ТЕМІРЛАН СЕРІКОВ, №1 ОРТА МЕКТЕБІ МАТЕМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Енді бұл оқушыларға өте үлкен көмегін тигізеді деп айта аламын, өйткені ойлау жүйесін дамытады, біріншіден, яғни ойланып бастайды. Программаларға басқа жағынан қарай бастайды, яғни оны жеңіл түсінуге болатынын көреді, оның үстіне бізде жасанды интеллект қазір өте үлкен көмек беруде. Яғни бұрынғыдай программаны өзің жазу қазір міндетті емес, жасанды интеллекттің көмегімен жеңіл, тез программаға орнатуға болады. Бұның арқасында көптеген роботтар жасай алады, ақылды үйге керекті, мысалы, газдың датчигі. Немесе жаңағы есіктің өзі ашылуы және жарықтың өзінің жануы деген секілді датчиктерді өздері жасай алады. Бұдан сондай, сондай нелер жасай алады.


РКС: Заманауи технологиялар білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Ең бастысы, мұндай мүмкіндіктер бүгінде ірі қалаларда ғана емес, аудан мектептерінде де қолжетімді. Бұл ауыл оқушыларына сапалы білім алуға, озық технологияларды меңгеруге және болашақ еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды дамытуға жол ашады.


ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу