«Арманға жол» шығармашылық кеші
ДИКТОР: Көкшетауда «Арманға жол» атты шығармашылық кеш өтті. Шара «Жұлдыздар» үлгілі вокалдық студиясының жас өнерпаздарына арналды. 1995 жылы облыстық балалар шығармашылық үйінің жанынан құрылған студия үш онжылдықта талай талантты тәрбиелеп, үлкен сахнаға қанат қақтырды. Солардың бірі – халықаралық байқаулардың лауреаты Олжас Сәбижан. Кеш барысында жас өнерпаздарға әншінің балалық шағы, сахнадағы алғашқы қадамы мен шығармашылық жетістіктері туралы айтылды.
РКС: Олжастың өнердегі жолы тоғыз жасында басталды. Алғашқы байқауы – «Оқжетпес достарын шақырады» атты облыстық өнер додасы. Осыдан кейін жас әншінің шығармашылық жолы шетелдік сахналарда жалғасты. Ол Ресей, Испания, Жапония, Франция сынды елдерде өнер көрсетіп, талай байқауда топ жарды. Бүгінде ұстазы екеуі жүріп өткн жолды ықыласпен еске алады.
СНХ: ӘРИДАШ ХАМЗИНА, «ЖҰЛДЫЗДАР» ҮЛГІЛІ ВОКАЛДЫҚ СТУДИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Алғашқы жеңісімізге 2001 жылы қол жеткіздік. Кейін Алматыда өткен «Әнші балапан» байқауына қатыстық. Мәскеуде өткен балалардың халықаралық фестиваліне шақырту алдық. Сургут қаласында «Наурыз – жаңа күн» фестивалінің лауреаты атанды. Ал Юрмалада өткен байқауда Гран-при иеленді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш болды. Олжас өзінің өнерімен талай жанды тәнті етіп, Қазақстанның көк туын биікке көтерді. Кейін Испанияда өткен байқауда «Испанияның алтын дауысы» атты номинацияға ие болды. Осындай шәкіртімнің болғанын мақтан тұтамын.
РКС: Шығармашылық кешке Олжастың әкесі де арнайы қатысып, ұлының балалық шағы туралы естеліктерімен бөлісті.
СНХ: АҚАН СӘБИЖАН, ӘКЕСІ: Анасы өнерге жақын болды. Мұғалім, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Гүлнәр Темірболатқызы. Ол кісі өнерге барып, өлеңдерін жазып, сахнадан келеді. Мен күтіп тұрамын, кешке қарай екеуміз спортқа кетеміз. Түннің бір уағына дейін жаттығып, содан кейін келеміз. Керемет, бала күнінен бір бала болып ойнаған жоқ. Әрдайым осылай болды. Бірақ оған баланың ынтасы болмаса зорлай алмайсың.
РКС: Кеш жас өнерпаздарға ерекше әсер сыйлады. Олар Олжастың жетістіктерін мақтанышпен тыңдап, оның өнер жолынан шабыт алды.
СНХ: САНЖАР ЖҰМАҒҰЛОВ, «ЖҰЛДЫЗДАР» ҮЛГІЛІ ВОКАЛДЫҚ СТУДИЯСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ: Өскен кезде мен Олжас Сәбижан сияқты болғым келеді. Ол кісіні естіген кезде, ол кісі маған ағам сияқты елестеді. Және де мен ол кісімен суретке түскім келеді, және де сол кісі сияқты өскен кезде өлең айтқым келеді. Себебі мен осы вокалға, «Жұлдыздар» студиясына келгеннен бастап, мен өзімді осы «Жұлдыздар» студиясы тобының бір мүшесі деп санаймын.
СНХ: ЖАСҰЛАН СЕРІКОВ, «ЖҰЛДЫЗДАР» ҮЛГІЛІ ВОКАЛДЫҚ СТУДИЯСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ: Мен вокалға барып жүргенімді алты жастан бастадым. Көптеген сайыстарға қатыстым. Түркістанда болдым, Гран-при алып келдім. Маған өте қатты ұнады. Өйткені Олжас Сәбижан ағамның өлеңі өте әдемі естіледі, дауысы өте табиғи. Сол Олжас Сәбижан ағам сияқты болғым келеді. Болашақта сол кісінің жолын қуып, биік белестерге жеткім келеді.
РКС: Бүгінде вокалдық студияда 70-тен астам бала тәлім алады. Олардың бәрі кәсіби әнші болмауы мүмкін. Дегенмен ұстаздарының айтуынша, өнермен сусындап өскен баланың рухани дүниесі байып, өзіндік талғамы қалыптасады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ