Негізгі Жаңалықтар Желідегі тұзақ: интернет алаяқтыққа қалай қарсы тұру керек?

Желідегі тұзақ: интернет алаяқтыққа қалай қарсы тұру керек?


ДИКТОР: Бір телефон қоңырауының салдарынан жылдар бойы жинаған бар қаржыдан айырылып қалу деректері әлі де көптеп тіркелуде. Интернет-алаяқтар өздерін банктің, полицияның және басқа қызметтердің маманы ретінде көрсетіп, алдау схемаларын үнемі жетілдіріп отырады. Жыл басынан бері Ақмола облысында 588 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бейтаныс адамдарға сеніп, ақшасынан айырылған адамдарды алаяқтар қалай тұзаққа түсіреді, тілшіміз айтсын.

РКС: Алаяқтар көбінесе банктің, полицияның немесе ұялы байланыс операторларының қызметкерлері болып танысады. Қоңырау шалып немесе жазып, күдікті операциялар туралы хабарлап, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Тағы бір тәсілі - интернеттегі тауарларды сату туралы жалған хабарландырулар. Нәтижесінде адамдар жинақтарын жоғалтады, ал кейде өздері де алаяқтық схемаларға қатысады.

СНХ: ТЕМІРЛАН ӘКІМБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Егер адам интернет-алаяқтың құрбаны болса, ең бастысы - уақыт жоғалтпау керек. Банкке бірден қоңырау шалып, картаны бұғаттау немесе операцияны тоқтату керек. Хат алмасу, қоңырау журналын және скриншоттарды сақтау, содан кейін полицияға хабарласу маңызды. Бөтен адамдарға СМС кодтарын, банк карталарының деректерін және CVV кодтарын хабарлауға болмайды. Сонымен қатар, 2025 жылғы қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске 232-1-бап енгізілді. Енді банк шотына немесе картаға қол жеткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

РКС: Дропперлік ол бөлек тақырып. Адамдар уәде етілген сыйақы үшін банк карталарын басқа біреулерге береді немесе оларға өз шоттарын пайдалануға жол ашады. Кейін бұл шоттар бөтен қаражатты айналдыру үшін қолданылады, ал карта иелері қылмыстық тергеуге ілігуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, қаржылық және цифрлық сауаттылық мұндай жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.

СНХ: ЖАМАЛАДЕН ИБРАГИМОВ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: Осыған орай, азаматтарға мектеп жасынан бастап цифрлық технологиялар, цифрлық дағдылар, цифрлық қауіпсіздік және қаржылық сауаттылыққа үйретуді ұсынамыз. Дегенмен құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Отанға адал әрі әділ қызмет етсе дейміз. Осындай сын-қатерлерге қоғаммен тығыз ынтымақтаса жұмыс істеп қарсы тұрулары тиіс. Өйткені, цифрлық дағдылар мен технологиялар ғылым, өнеркәсіп пен техника салаларына оң өзгеріс әкелгенімен, өкінішке орай, бұл құралдарды теріс ниетпен пайдаланатын адамдар да табылуы мүмкін.

РКС: Тәртіп сақшылары бірде бір банк қызметкері ешқашан SMS-кодты немесе бейтаныс шотқа ақша аударуды сұрамайтынын ескертеді. Егер осындай қоңырау түссе, әңгімені дереу тоқтатып, қаржы ұйымына және құқық қорғау органдарына хабарласқан жөн.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу