Негізгі Жаңалықтар Жастар үшін мемлекеттік қызметке жол ашық

Жастар үшін мемлекеттік қызметке жол ашық


 ДИКТОР: Ақмола облысында мемлекеттік қызметтегі жас мамандардың кәсіби даму мүмкіндіктері талқыланды. Достық үйінде «Елге қызмет: жауапкершілік пен мүмкіндік» атты кездесу өтті. Басқосуға мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, мемлекеттік жас қызметшілер мен кадрлық резерв өкілдері қатысып, елге адал қызмет етудің маңызы, кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктері мен жас буынның жауапкершілігі төңірегінде ой бөлісті.

РКС: Бүгінде облыстың мемлекеттік қызметшілер құрамының 27,5 процентін жастар құрайды. Жас кадрларды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында арнайы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – жоғары оқу орнын үздік аяқтаған түлектерге конкурстық іріктеусіз мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігін ұсыну.

СНХ: ӘЛЖАМИ СӘРСЕНОВА, ЗЕРЕНДІ АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Мен кәсіби жолымды мемлекеттік қызметпен байланыстыруды жөн көрдім. Себебі бұл – жас мамандар үшін өз қабілетін танытып, тәжірибе жинақтауға, кәсіби тұрғыда дамуға және туған жерінің өркендеуіне үлес қосуға берілген жақсы мүмкіндік. Биыл университетті үздік дипломмен бітірдім. Оқу орнын енді аяқтап жатқан жастарға айтар тілегім – өздерін сынап көруден қорықпай, әрдайым биік мақсаттарға ұмтылып, үздіксіз білім алып, ізденуден жалықпаса екен. Мемлекеттік қызметтен жасқанудың қажеті жоқ. Бұл – мансап жолын бастауға, өз мүмкіндіктеріңді ашуға және таңдаған мамандығың бойынша қалыптасуға берілген үлкен мүмкіндік.

РКС: Жас мамандардың кәсіби дамуы мен мансаптық өсуіне жол ашатын арнайы кадрлық жобалар да қарастырылған. Олардың қатарында Президенттік және Өңірлік кадр резервтері, сондай-ақ Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі бар. Келер жылы мемлекеттік қызметке даярлау институты өз жұмысын бастайды деп жоспарлануда. 

СНХ: НҰРҚАТ БАТЫРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Біздің міндетіміз – жастарға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың кәсіби өсуіне қолдау көрсету. Себебі мемлекеттік қызметтің сапасы білімді, адал әрі жауапты мамандарға байланысты. Елге қызмет ету – халықтың сенімін ақтап, әр істі жауапкершілікпен атқару.

РКС: Кездесу өзара пікір алмасуға ұласты. Басқосуда тәлімгерлік институтын дамыту, ұрпақтар сабақтастығын жалғау мен мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу