Қысқы маусым: жүргізушілерге ескерту
ДИКТОР: Күннің суытуына байланысты облыс аумағында жолдардағы жағдай күрделене түсуде. Күн сайын жол-көлік оқиғаларына қатысты полицияға 20-ға жуық хабарлама келеді. Апат қаупін арттыратын негізгі фактордың бірі – көліктердің әлі күнге дейін жазғы маусымға арналған дөңгелекпен жүруі. Қазір Көкшетау жүргізушілері үшін қарбалас шақ. Олар қысқы маусымға дайындық үстінде.
РКС: Алғашқы жауған қар көптеген жүргізушіні дүрбелеңге салғаны шындық. Өйткені, осы кезге дейін жайбарақат жүрген олар көлік дөңгелегін қысқы маусымға ауыстыру қажет деген дабыл келді. Солтүстік өңірде жолдардың әп-сәтте көктайғаққа айнала салуы құбылысты жағдай. Сондықтан мамандар көлікті қысқы маусымға алдын ала дайындау қажеттігін ескертеді. Әдетте жүргізушілер дөңгелек ауыстыруды қазан немесе қараша айларында, ауа температурасы 5-7 градусқа дейін төмендеген уақытта бастайды.
СНХ: ЕРБОЛАТ АҒЫБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ: Қар жаумаса да, ауа температурасының төмендеуі жазғы дөңгелектердің жолда тұрақтылығын әлсіретеді. Бұл жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін арттырады. Техникалық регламент талаптарына сәйкес, желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында қысқы дөңгелексіз көлік басқаруға тыйым салынады. Бұл талапты бұзғандарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 20 айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Жол қозғалысы кезінде сақтық таныту – әр жүргізушінің міндеті.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Дөңгелектер сырт көзге бірдей көрінгенімен, сапасы мен техникалық сипаттамаларында айтарлықтай айырмашылық бар. Қысқы маусымға арналған дөңгелекті таңдаған кезде алдымен оның сыртқы резинасының бедеріне мән беру қажет. Көліктің жолдағы тұрақтылығы мен тежелу тиімділігі оның мейлінше тереңдігіне байланысты болады. Қаладағы дөңгелек ауыстыру шеберханаларында ұзын-сонар кезек аса байқалмайды. Ал техникалық қызмет көрсету орталығының мамандары жүргізушілерге бірқатар ұсыныстарын жеткізуде.
СНХ: РАСИМ САЙФУТДИНОВ, ДӨҢГЕЛЕК АУЫСТЫРУ ШЕБЕРІ: Көліктер негізінен асфальт жолдарда көп жүреді, сондықтан дөңгелек тез тозады. Екіншіден, дөңгелектің дұрыс тураланбауы. Сонымен қатар қысымның шамадан тыс болуы да әсер етеді. Қажетті мөлшерде қысым болмаса ол да дұрыс емес. Сондықтан дөңгелектегі ауа қысымын жиі тексеріп отыру қажет. Кем дегенде айына бір рет бақылаған дұрыс. Ауа температурасының күрт өзгеруі дөңгелектегі қысымға тікелей әсер етеді.
РКС: Ұзақ сапарға аттануды жоспарлаған жүргізушілерге жолға шықпас бұрын көліктің техникалық жай-күйін тексеріп, жолдағы жағдайды алдын ала біліп алғаны абзал. Әсіресе қалың қар жауып, көктайғақ болған кезде жылдамдықты бәсеңдетіп, көліктердің арасында қауіпсіз қашықтықты сақтау қажет. Республикалық маңызы бар автожолдардағы қозғалыс шектеулері туралы ақпаратты 1403 нөмірі арқылы алуға болады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ