Негізгі Жаңалықтар Ғылым және бизнес: өндірістегі инновациялар

Ғылым және бизнес: өндірістегі инновациялар


ДИКТОР: Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Смағұл Сәдуақасұлы оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. «Ғылым және бизнес: өндірістегі инновациялар» тақырыбына арналған жиында ғалымдар ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу жолдарын талқылады. 

РКС: Қазақстандағы сор топырақтың көлемі шамамен 100 миллион гектарға жуық. Алайда олардың табиғи өнімділігі төмен. Бір гектардан орта есеппен 3-5 центнер ғана шөп алынады. Ғалымдардың зерттеуі бұл көрсеткішті 5-6 есеге дейін арттыруға болатынын көрсетіп отыр. Ол үшін топырақ пен климат ерекшелігіне сай жайылымдық жерлерді тиімді игеру қажет.

СНХ: ӘБІЛЖАН ҚҰСАЙЫНОВ, БИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР: Біздің өңір үшін бұл мәселенің маңызы зор. Өйткені мал шаруашылығын дамыту үшін ең алдымен жемшөп қорын қалыптастыру қажет. Сондықтан бұл тақырып аймақ үшін өте өзекті.

РКС: Конференцияда аграрлық зерттеулермен қатар экология, инженерия, экономика және ақпараттық технологиялар саласындағы ғылыми жобалар таныстырылды. Бастысы зерттеу нәтижелері ғылыми мақала не теория күйінде қалмай, өндірістің нақты сұранысына сай тәжірибеде қолданылуы керек,-дейді мамандар.

СНХ: САНСЫЗБАЙ МЕМЕШОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Конференцияның негізгі тақырыбы – бұл өндіріспен байланыс. Яғни, экология, ауыл шаруашылығы, экономика, және ақпараттық технология бағыттарында секциялар жұмыс ісетйді. Өндіріспен байланыс болған соң, біздің институттың ішінде 10-нан артық филиал бар өндіріспен. Яғни, бітірген кадрларымыз бірден өндіріске бейімделіп шығу керек. Сол мақсатта осы филиалдар ашылған.

СНХ: ЕРЛАН ЖҰМАЙ, «КӨКШЕТАУ» МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Осы университеттің кафедрасы біздің мекемеде ашылған. Бізде 317 адам жұмыс істесе, соның басым бөлігі осы университеттің түлегі. Ал университет пен өндіріс арасында қандай байланыс бар десеңіз, жалпы біздің негізгі мақсатымыз – ерекше қорғалатын табиғи аймақтар, өсімдіктер және жануарлар дүниесі, табиғи қорын сақтауда үлкен жұмыс атқарып жатырмыз. Осы бағытта университетпен былтырдан бері үлкен жобалар жүргізіліп жатыр. Осы «Көкшетау» ұлттық паркінде өсетін өсімдіктерді цифрлық форматқа енгізу. Бұл 3 жылдық бағдарлама, биыл 2-ші жылды табысты атқардық. 

РКС: Былтыр Смағұл Сәдуақасұлының 125 жылдығына орай өткен конференцияда жиынды жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданған. Биыл басқосу алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Оған Германия, Сербия, Түркия, Польша, Ресей, Украина және Өзбекстаннан келген ғалымдар, сондай-ақ еліміздің 10 жоғары оқу орнының зерттеушілері қатысты.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу