Негізгі Жаңалықтар «Көшедегі блюз» поэтикалық-музыкалық кеші

«Көшедегі блюз» поэтикалық-музыкалық кеші


ДИКТОР: Ақын Бауыржан Қарағызұлының «Жазу» атты кітабы оқырманға жол тартты. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында басылған жинақтың алғашқы таныстырылымы Көкшетауда өтті. Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында ұйымдастырылған әдеби кеште ақын өлеңдері сахналық қойылым арқылы көпшілікке ұсынылды.

РКС: Жаңа жинаққа ақынның бұрын жеке кітаптарына енбеген өлеңдері топтастырылған. Автор «Жазу» атауын жай ғана жазу әрекетімен емес, адамзаттың танымы, таңба мен ойдың көрінісі ретінде байланыстырады. Алғашқы таныстырылымды туған жерінде өткізуі де ақын үшін айрықша мәнге ие.

СНХ: БАУЫРЖАН ҚАРАҒЫЗҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Жалпы жазу деген ол – жазымыш. Ол күллі жаратылыс иесінің өзінің жазуы бар деген ұғым. Байырғы бәдіздер, таңбалар, жалпы таңба біздің жаңа танымымыз. Бұл бір мағынасы. Екінші, көкейдегі көрікті ой, көмейден шыққанан кейін өзінің көркін жоғалтадаы дейді ғой, бірақ сол көкейіңдегіні жазымыш арқылы жазылғандарға жеткізу. Бұл «Жазу» кітабының осы Көкше өңірінде бірінші таныстырылымын жасап, тұсаукесерін жасауымның маңызы зор. Себебі Көкшетау менің туған елім, өскен жерім.

РКС: Ақынның өлеңдері бұл жолы тек кітап бетінде қалған жоқ. «Көшедегі блюз» қойылымында поэзия актерлердің орындауында жаңаша сипат алды. Өлең жолдары музыкамен астасып, махаббат тақырыбындағы шығармалар поэтикалық композицияға айналды.

СНХ: ОЛЖАС КОМИС, ҚОЮШЫ-РЕЖИССЕР: Кітаптармен жұмыс жасаған кезде ерекше процесс болды. Кітаптардағы өлеңдерді талқылау, ондағы сөз астарын іздеу, табу деген сияқты сондай процесстерге толы болды дайындығымыз. Көбінесе біздің спектаклімізде махаббат туралы поэзиялар таңдалды. Біз дайындық барысында поэзияларды оқып жатқан кезде бірден «Мұзарт» тобының әндері ойымызға келді. Көрермендердің оң ықыласын алдық деп ойлаймын. 

СНХ: ЖАНСҰЛУ ТЕМІРТАС, КӨРЕРМЕН: Әртістер өздерінің композициялық, поэзиядан құрылған композициялырын ұсынды. Өте керемет әсер алдық. Поэзиядан әрбір сөздеріне, оның астындағы ойларына терең көңіл бөліп, жақсы бір сезім алдық десек болады. Және бұл жерде тек поэзия ғана емес, өнер мен шабытты қосқан. 

СНХ: ӘМІР САНСЫЗБАЕВ, КӨРЕРМЕН: Бүгін біз Бауыржан Қарағызұлының өлеңдерімен таныстық. Актерлар оны сахнада бейнеледі. Осындай кештер қазіргі жастарға рухани азық береді.

РКС: Мұндай әдеби кештер - оқырманды көркем сөзге тартудың тың тәсілі. Ұйымдастырушылар қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін әдеби кездесулер де жаңарып, жаңа форматта ұсынылуы керектігін айтады. 

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу