Өңірде АИТВ инфекциясын жұқтырудың 105 жаңа жағдайы анықталды
ДИКТОР: Жыл басынан бері өңірде адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясын жұқтырудың 105 дерегі тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 жағдайға аз. Анықталған жағдайдың 85 процентке жуығы жыныстық жолмен жұққан.
ГРАФИКА МӘТІНІ: Бұл инфекция жас талғамайды және белгілі бір әлеуметтік топпен шектелмейді. Мұны өңірдегі статистика да көрсетіп отыр. Анықталған жағдайдың 80 процентке жуығы 30 бен 59 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі. Оның ішінде 59 пайызы – 30-49 жас аралығындағылар болса, тағы 20 пайызы – 50-59 жастағы тұрғындар. Ал 20-29 жас аралығындағы жастардың үлесі 10,5 пайызды құрайды.
ГРАФИКА:
АИТВ ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ
80% – 30-59 жас
59% – 30-49 жас
20% – 50-59 жас
10,5% – 20-29 жас
РКС: Мамандар инфекцияны мүмкіндігінше ерте анықтаудың маңызы зор екенін айтады. Бұл ретте тұрақты түрде тест тапсыру қажет. Әсіресе жұқтыру қаупі бар жағдайлардан кейін.
СНХ: РҮСТЕМ МОЛДАҒАЛИ, АИТВ ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕГІ ОБЛЫСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясы ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан адамның өз мәртебесін білудің жалғыз сенімді жолы – тест тапсыру. Ағымдағы жылдың 10 айында Ақмола облысында осы инфекцияға 130 мыңнан астам зертханалық талдау жүргізілген. Уақытылы тексерілу инфекцияны ерте кезеңде анықтап, емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді. Ал антиретровирустық терапия вирустың таралуын бақылауға, өмір сапасын сақтауға және инфекцияның өзгелерге берілу қаупін азайтуға көмектеседі.
РКС: Адамның имун тапшылығы вирусының алдын алу шаралары да ерекше маңызды. Алдын алу шаралары екі бағытта жүзеге асырылады. Біріншісі – жалпы халық арасында жүргізілетін түсіндіру жұмыстары болса, екіншісі –инфекция жұқтыру қаупі жоғары топтармен арнайы жұмыс жүргізу. Мамандар студенттермен кездесіп, еңбек ұжымдары мен медициналық мекемелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ қоғамдық орындарда ақпараттық акциялар ұйымдастырады. Орталық мамандары көшпелі жедел тестілеу шараларын да өткізеді. Мұнда тұрғындар маман кеңесін алып, иммун тапшылығы вирусы мәртебесін тексере алады. Жыл басынан бері ақпараттық акциялармен мыңға жуық адам қамтылған. Олардың 348-і жедел тестілеуден өткен.
СНХ: ӘСЕЛ БАЛТАБАЕВА, АИТВ ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕГІ ОБЛЫСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Профилактикалық жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары негізгі топтармен жұмыс жүргізу. Олардың қатарына инъекциялық есірткі тұтынатын адамдар, ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер және ақылы интимдік қызмет көрсететіндер жатады. Бұл бағыттағы жұмыстар орталықтың өзінде де, аталған топ өкілдеріне барынша қолайлы әрі қолжетімді орындарда да жүргізіледі. Мамандар кеңес беріп, иммун тапшылығы вирусына, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен вирустық гепатиттерге тестілеу өткізеді. Сонымен қатар алдын алу құралдарын ұсынады.
РКС: 1 желтоқсан – Дүниежүзілік адамның иммун тапшылығы вирусымен күрес күні. Осыған орай, 20 қарашадан бастап өңірде халықтың түрлі санатына арналған кездесулер, кеңестер мен ақпараттық акциялар басталады. Іс-шараға медициналық ұйымдар, білім беру мекемелері мен үкіметтік емес ұйымдар да атсалысады. Басты мақсат – тұрғындарға адам иммун тапшылығы вирусы туралы мәлімет беру, сондай-ақ осы инфекцияға қатысты қалыптасқан қате түсініктерді жою.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ