Құтқарушылар су айдындарындағы қауіп жайлы ескертеді
ДИКТОР: Күн салқындап, су айдындарының беті қатқанымен, әлі де мұз жұқа, әрі қауіпті. Құтқарушылар тұрғындарға аса сақ болуды және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін еске салады. Балаларға аса мұқият болып, қысқы балық аулауға әуестерді ерекше назарда ұстау қажет.
РКС: Су айдындарының үстіңгі қабаты қатқанымен, күннің әлі де жылымық болып тұруына байланысты мұз әлі де қауіпті. Құтқарушылар өткен жылғы оқиғаларды тағы да еске салды. Мұз енді қатып жатқан кезде төтенше жағдайлар қызметкерлері судан екі баланы алып шықты. Тағы бір оқыс оқиға қайғылы аяқталды, жұқа мұздың астына түскен балықшы қаза тапты.
СНХ: АСЛАН НҰРҚАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Бүгінгі таңда полиция, төтенше жағдайлар департаменттері мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп алдын алу рейдтерін жүргізіп жатыр. 2 мыңға жуық рейд өткізілді. 1 қыркүйектен осы күнге дейін 200-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
РКС: Алдын алу жұмыстары ең алдымен оқыс оқиғаларды болдырмауға бағытталған. Құтқарушылар бір адам үшін мұздың 10 сантиметр болуының өзі қауіпті дейді. Ал көп адам жүрген жерде оның қалыңдығы 25 сантиметрден кем болмауы тиіс. Бір ғана су айдынындағы мұздың қалыңдығы біркелкі болмайды. Әсіресе көпір маңында, қамыс өскен жерлерде және су ағыны бар жерлер қауіпті учаскелер саналады.
СНХ: АСЛАН НҰРҚАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар. Ал балықшыларды жұқа мұз үстіне шықпауға, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Төтенше жағдай орын алған жағдайда, дереу 112 нөміріне хабарласыңыздар. Естеріңізде болсын: жұқа мұз адам өміріне қауіп төндіреді! Ешқандай балық аулау немесе ойын адам өмірінен қымбат емес.
РКС: Құтқарушылар мұздың қалыңдығын өз өміріңізге қауіп төндіретіндей тексерудің қажеттігі жоғын айтады және әрдайым жақындарыңызға аса сақ болған жөн. Бұл жерде өзіңізді ғана емес, айналаңыздағы адамдардың да өмірін қатерге тігетініңізді ұмытпаңыз.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.